Маңғыстауда атыраулық отбасы жол апатына ұшырады, салдарынан әкесі қаза тауып, төрт баласы жарақат алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Ақ Жайыққа" сілтеме жасап.
Шетпе - Сайөтес тасжолындағы жол апатынан Атырау облысының тұрғыны оқиға орнында қаза тапқан, оның төрт баласы түрлі жарақат алған. Олардың екеуі ауруханада ауыр және аса ауыр жағдайда жатыр.
Жол апаты 28 шілдеде таңғы сағат 6:00 шамасында жолдың 252-шақырымында болған. Полицияның алдын ала болжамы бойынша Chevrolet Cobalt көлігінің жүргізушісі тізгінге ие бола алмай, көлік жолдан шығып кетіп, аударылған. Жүргізуші алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған.
Оқиға салдарынан ең ауыр зардап шеккен - 2011 жылы туған қыз. Оған ауыр бас ми жарақаты, ішкі органдардың зақымдануы және сүйек сынықтары диагнозы қойылған. Баланың жағдайы аса ауыр деп бағаланып отыр. Ауруханада 2013 жылы туған тағы бір бала жатыр, оның бүйрегі соғылған. Баланың да жағдайы өте ауыр деп бағаланып отыр.
Ал 2019 жылы туған балаға бас ми жарақаты, ми шайқалуы, дене жарақаттары диагнозы қойылған. Оның жағдайы тұрақты деп бағаланған. 2021 жылы туған тағы бір бала анасымен бірге үйіне жіберілген.
Полиция қайғылы оқиғадан сәл бұрын патрульдік полиция бұл көлікті тоқтатқанын хабарлады. Басылым мәліметінше, тәртіп сақшылары жүргізушімен профилактикалық әңгіме жүргізіп, демалу үшін тоқтауды ұсынған.
Қазір адам өліміне әкеп соққан оқиғаға қатысты соталды тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!