Маңғыстау облысында бекіре мен итбалықтар қырылып жатыр: полиция қылмыстық іс қозғады

Маңғыстау облысында бекіре мен итбалықтар қырылып жатыр: полиция қылмыстық іс қозғады
Фото: lada.kz

Маңғыстау облысы Түпқараған ауданы Баутино ауылы Каспий теңізі жағалауынан 15 итбалық пен 4 бекіре балығының өлекселері табылған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ҚР ЭТРМ Балық шаруашылығы комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, жергілікті атқарушы органдар, мамандандырылған ғылыми ұйымдар, Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығы, Гидробиология және экология институты, Қазақстандық Қолданбалы Экология Агенттігі, Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы, облыстың ветеринариялық қызметі, экология және полиция департаменттері, табиғат қорғау прокуратурасы жедел түрде хабардар етілген.

Сонымен қатар, бұл дерек бойынша Маңғыстау облысы Түпқараған ауданының полиция бөліміне хабарланып, қылмыстық іс қозғалған. Соған сай жануарлардың өлімінің себептері мен басқа да мән-жай анықталады.

"7 мамырда итбалықтар табылған жерге Жайық-Каспий облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясы Маңғыстау облысы бойынша экология департаментінің, ветеринариялық инспекцияның, Қазгидрометтің және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерінен тұратын жұмыс тобы шықты. Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті өлі итбалықтар табылған жерден су мен ауа сынамаларын алды. Табылған теңіз жануарлары ұшаларының ыдырау деңгейі жоғарғы дәрежеде болғандықтан, өлім себебін анықтау үшін гистологиялық сынама алу мүмкін болмады", - делінген хабарламада.

Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері Каспий теңізі жағалауы мониторингін жалғастырып жатқаны хабарланды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова