Өңірде ауызсу тапшылығын кезең-кезеңімен шешу мақсатында 2025 жылға дейін су тұшытудың жалпы қуаты тәулігіне 200 мың текше метрге жуық 7 жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазір облыста ауызсуды тұтыну көлемі 162 мың метр куб болады. Ал тапшылық жазғы кезеңде сезіледі, қажеттілік - тәулігіне 77 мың текше метр. Сондықтан қазірден бастап су тапшылығын жоюға байланысты жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, "Қаражанбас" кен орнында қуаттылығы тәулігіне 17 мың текше метр болатын су тұшыту зауыты іске қосылған. Бұған дейін кәсіпорын "Астрахань-Маңғышлақ" құбырынан су алып келген болатын. Нәтижесінде "Астрахань-Маңғыстау" су құбырынан босаған 10 мың текше метр ауызсу Жаңаөзен қаласы, Бейнеу, Жетібай ауылдары тұрғындарының игілігіне пайдаланылып жатыр. Су тапшылығын жою мақсатында жүзеге асып жатқан тағы бір шара "Каспий" су тұшыту зауытының қуатын екі есеге ұлғайту арқылы тәулігіне 40 мың текше метрге дейін жеткізу жоспарланып отыр. 2022 жылдың жазғы маусымында қуаттылығы 5 мың текше метр тұшыту қондырғысы пайдалануға берілді. Ал қалған жұмыстар 2023 жылдың соңына дейін аяқталады.
"Сонымен қатар, Ақтауда жеке инвестордың есебінен тәулігіне 20 мың текше метр су тұшыту қондырғысының құрылысы жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін 10 мың текше метр су алуды жоспарлаған. Мемлекет басшысы алға қойған 12 ауылды орталықтандырылған сумен жабдықтау жөніндегі міндеті бүгінде толық орындалды. Нәтижесінде елді мекендерде халықтың ауызсуға қолжетімділігі 96 пайыздан 100 пайызға дейін жетті", - деді Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Бұдан бөлек, биыл Ф.Шевченко қаласында тәулігіне 5 мың текше метр, "МАЭК" аумағында 24 мың текше метр және Кендірлі аймағында 50 мың текше метр су тұшыту қондырғыларын салу жұмыстары басталады.
""МАЭК" энергия және су өндіру кешенін жаңғырту бойынша қабылданып жатқан шараларға жеке тоқтап өткен жөн. Президент Үкіметке облыс орталығындағы инженерлік желілерді қайта құруға қажетті қаражат бөлуді тапсырды. Өңірдегі су тапшылығы мәселесін шешудің бірі "МАЭК" кешенін әкімдіктің коммуналдық меншігіне өткізу болып табылады. Кәсіпорынды коммуналдық меншікке берудің арқасында бізде кәсіпорынды жаңғырту бағдарламасын әзірлеу мүмкіндігі пайда болды. Жергілікті атқарушы органның резервінен электр станциясының тозған жабдықтарын, тұщыту қондырғыларының сорғы жабдықтарын және ДОУ үшін жылу алмастырғыш түтіктерді ауыстыруға 2,6 миллиард теңге мөлшерінде қаражат бөлінді. Сондай-ақ, электр станциялары мен МАЭК су тұщыту кешені жабдықтарының сенімді жұмысын қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттен жабдықтар мен жиынтық құралдар сатып алуға 4,9 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлуге өтінім жолданды", - деді Нұрлан Ноғаев.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!