Маңғыстау облысы Атамекен ауылындағы шұрқ тесік жолды халық жамап жүр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әкімдік тарапынан ешқандай әрекет болмаған соң бір топ ауыл азаматы жолды жөндеуге кіріскен. Бұл ауылдың жүргізушілерінің жүйкесін жұқартқан тасжолдан көліктерге зақым келіп, жол апаты жиілеген.
"Қазір қаланың қай ауданына барсаң да шұрқ тесік болып ойылған жолдарды көресің. Әлбетте, мұның зардабын көлік жүргізушілері де, жаяу жүргіншілер де көріп отыр", - дейді қала тұрғындары.
"Тасжол бүлінгеніне көп уақыт болды. Ешқандай нәтиже болмаған соң жігіттермен қолдан келгенше ойықтарды жамаймыз деп шештік. Мұнайлы ауданының әкімдігінен Атамекен, Басқұдық және тағы басқа елді мекендерінің тас жолы, жаяу жүргіншілер жолы, мектепке апаратын көше жолдарына барынша көңіл бөлуін сұраймыз", - дейді блогер Нұрсұлтан Абайұлы.
Бұған дейін де блогер Нұрсұлтан Абайұлы әлеуметтік желіде видео жариялап, онда Татьяна көшесінің тасжолындағы ойық тесіктер көліктердің жүруіне кедергі екенін көтерген болатын.
Жол сапасына наразы тұрғындар сауалына Мұнайлы ауданы әкімдігінің әлеуметтік парақшасында жауап берілген.
"Ару" мейрамханасынан бастап, "Шағала" тұрғын массивіне дейін ұзындығы 3,3 шақырым болатын тасжолды қайта құрылымдау жұмыстарын биылғы көктем-жаз айларында жүргізу жоспарда", - делінген хабарламада.
Гүлшат Нұрмұханова
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!