Шебір ауылдық округінің әкімдігі азық-түлік дүкендерінің жұмыс уақытын себепсіз шектеген. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі басшысының Маңғыстау облысы бойынша бірінші орынбасары Біржан Хайруллин мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі lada.kz-ке сілтеме жасап.
Шебір ауылдық округі әкімдігінің іс-әрекетіне шағымданған азық-түлік дүкені иесінің өтініші қарастырылған.
"Өтінішті қарау кезінде Шебір ауылдық округінің әкімдігі азық-түлік дүкенінің жұмыс уақытын күзгі-қысқы кезеңде сағат 23:00-ге дейін, көктемгі-жазғы кезеңде сағат 23:30-ға дейін негізсіз шектеген. Осылайша, Шебір ауылының әкімдігі кәсіпкерлік субъектісіне кедергі келтірді. Тиісті органдардың араласуынан кейін әкімдік бұрын жарияланған хаттың күшін жойды. Нәтижесінде ауылда осындай проблемаға тап болған тоғыз дүкен иесіне көмек көрсетілді", - деді Біржан Хайруллин.
Сондай-ақ, департамент өкілі кәсіпкерлерді шектегені үшін әкімдіктің бас маманына ескерту түрінде тәртіптік жаза жарияланғанын айтты. Ал ауыл әкімі лауазымды тұлға бола тұра кәсіпкерлікке заңсыз араласқаны үшін 345 мың теңге көлемінде айыппұл төледі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!