Маңғыстау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты балаларына алимент төлеу бойынша міндетті орындамағаны үшін айыпталған адамға қатысты қылмыстық істі қарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
2018 жылы сотталушыға қатысты 2016 жылы туған қызын асырау үшін ол кәмелеттік жасқа жеткенше барлық табысының төрттен бір бөлігі мөлшерінде алимент өндіру туралы сот бұйрығы шығарылған.
Жеке сот орындаушысы сот ұйғарымының негізінде атқарушылық іс жүргізуді қозғап, сотталушыға оның құқықтары мен міндеттері түсіндіріліп, алимент төлеу жөніндегі міндеттерді орындамаған жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартылатындығы туралы міндеттеме алынған.
Сотталушы ЖСО-ға өзінің жұмыс таба алмағанын, бірақ бейресми түрде жалдамалы жұмысты орындағанын, сол арқылы табысын жасырғанын хабарлаған.
Сот актісін орындау бойынша ЖСО оның банктік шотына тыйым салу және көлік құралдарын басқаруға шектеу қою сияқты мәжбүрлеу шараларын қолданған.
2016 жылдан 2024 жылдың маусым айына дейінгі алименттік қарыз 4 миллион теңгеден астам болған. Сотпен қабылданған шаралардың нәтижесінде сотталушы бұрынғы әйелімен татуласқан және барлық алимент бойынша берешегін өтеген.
Прокурор, жәбірленуші және сотталушының өзі өкініп, соттан татуласуға және алимент бойынша берешекті өтеуге байланысты қылмыстық істі қысқартып, қылмыстық жауаптылықтан босатуды сұрады. Қылмыстық кодекстің 139-бабының санкциясында жаза - 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту немесе 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру қарастырылған.
Сотталушының кінәсі оның мойындауымен, жәбірленушінің, ЖСО-ның айғақтарымен және қылмыстық іс материалдарымен дәлелденді.
ҚК-нің 68-бабының 1-бөлігіне сәйкес тараптардың татуласуына және қарызды өтеуге байланысты сот қылмыстық істі қысқартып, сотталушыны қылмыстық жауаптылықтан босатты. Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!