Маңғыстау облысында әкімнің тапсырмасын орындамағандар жазаланады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен өткен аппараттық жиында белгілі болды. Жиында өз міндетін тиісті деңгейде орындамаған жауапты тұлғаларға тәртіптік жауапкершілік қарау ұсынылды.
Маңғыстау облысы әкімі аппаратының басшысы Мәлік Әбдіқадыровтың сөзінше, 2024 жылдың мамыр, маусым және шілде айларында облыс әкімінің басшылығымен өткен аппараттық жиында 80-ге жуық хаттамалық тапсырма берілді. Алайда халық игілігі үшін жасалуы тиіс жұмыстардың басым бөлігі кешігіп жатқан көрінеді.
Аппарат басшысы тапсырмаларды уақытында және сапалы орындамаған аудан, қала әкімдерінің орынбасарларына және бірқатар басқарма басшыларына тәртіптік жаза беруді ұсынды.
Аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай тұрғындардың жайлы өмір сүруіне бағытталған жобаларды кешіктірген және мүлдем орындамаған жауапты тұлғаларға шара қолданылатынын, қажет болған жағдайда жұмыстан босатылатынын ескерткен.
Еске салайық, бұған дейін облыс әкімі Massaget.kz тілшілеріне ашық сұхбат берген болатын. Маңғыстаудың жаңадан тағайындалған әкімі Нұрдәулет Қилыбай Massaget.kz-ке эксклюзив сұхбатында "Облыста ауыз су мәселесі ушығуына Rixos-тың қандай қатысы бар? Ішкі жолдар жоқ, қыстыгүні жүру мүмкін емес. Заңсыз салынған құрылыстарға кім жауапты? Ақтаудың бас жоспарына түріктер мен арабтардың қандай қатысы бар?" деген сынды өзекті сұрақтарға жауап берді.
Нұрдәулет Қилыбай 1978 жылы Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында дүниеге келген. 17 мамырда Маңғыстау облысының әкімі болып тағайындалды. Бұған дейін "ӨзенМұнайГаз" АК бас директоры болды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!