Маңғыстау облысында Sax Invest қаржы пирамидасын басқарғандар тергеуге ілінді

ҚМА Маңғыстау облысы бойынша департаменті өңірде Sax Invest қаржы (инвестициялық) пирамидасының құрылымдық бөлімшесін басқарған тұлғалар тобына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Sax Invest компаниясы өзін инвестициялық қор, бағалы қағаздарды, қаржы құралдарын және басқа да активтерді ұстаушы, сондай-ақ Африкадағы алмаз өндіру жөніндегі жаһандық халықаралық жобаның қатысушысы ретінде көрсетті.

Компания тіркеуден өтпеген және қаржы нарығында қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар ұйымдардың тізілімінде жоқ.

Sax Invest қызметі қаржы пирамидасына тән белгілерге ие болды:

  • жылдық 24-36 пайызға дейін жоғары кірістілік уәдесімен бұқаралық ақпарат құралдарында және интернетте агрессивті және жаппай жарнаманың болуы;
  • ұйымның қаржылық жағдайы, меншікті негізгі құралдары, басқа активтері туралы қандай да бір ақпараттың болмауы.

2018 жылдан 2022 жылға дейінгі кезеңде 1000-нан астам пирамида салымшылары 1 млрд теңгеден аса қаражат аударған.

Облыс прокуратурасының үйлестіруімен пирамиданың құрылымдық бөлімшесін басқарған ҚР азаматы күдікті ретінде ұсталып, УҰИ қамауға алынды.

Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері жүргізілуде, ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.

Филиалдары республика бойынша жұмыс жасаған Sax Invest қаржы пирамидасының ұйымдастырушысы С.Меңдіғалиевке халықаралық іздеу жарияланды. 
 
Сондай-ақ елордада Sax Invest компаниясы директорының ұсталғаны жайында бұрын хабарланған болатын. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!