- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Маңғыстау облысында 600-ден...
Маңғыстау облысында 600-ден аса аққу қырылды: тұрғындарға құстарға тамақ бермеу керек екені айтылды
Маңғыстау облысында қырылған сыбырлақ аққу саны 601-ге жетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі mangystaumedia.kz-ке сілтеме жасап.
Қаракөл көлінде құстар неліктен жаппай қырылып жатқанын анықтау үшін Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясының орнитологтары зерттеу жүргізеді. Қаракөл көлінде 2023 жылғы 21 желтоқсаннан бастап аққулар жаппай қырыла бастады. Бұл туралы Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Ғаббас Досатов баяндады.
"2023 жылғы 21 желтоқсанда Қаракөл көлінде аққулардың өлімі туралы алғашқы хабарлама түсті. 6 қаңтардағы жағдай бойынша 601 аққудың өлімін тіркедік. Өлген аққулардың 90 пайыздан астамы - жас аққулар. Қосымша зерттеулер жүргізу үшін Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау ассоциациясының оринтологтарын күтеміз", - деді Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Ғаббас Досатов.
Бастапқы талдаулар нәтижесіне сүйенсек, аққулар құс тұмауын жұқтыру себебінен өлуі мүмкін екені анықталған.
"Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, Қаракөл көлінде аққулардың жаппай қырылуы құс тұмауының өршуінен болғанын көрсетеді. Олардан H5N1 азиялық штамы табылды. Бұл вирустың адамдарға жұғу деңгейі төмен, құстарға әсер етеді, басқа жануарлар жұқтырған жағдайда симптомсыз өтеді. Былтыр ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар жоспарына сәйкес қауіп төнген аймақта алты мың бас құс вакцинацияланды. Облыста барлығы үш құс шаруашылығы бар, бірақ оларда шаруашылықтың жабық түрі болғандықтан, құстарды егуден бас тартты", - деді Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Маңғыстау облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Темірбек Нұртазин.
Үстірт мемлекеттік тарихи қорығы директорының міндетін атқарушы Жасқайрат Нұрмұхамбетов өңір тұрғындары мен қонақтарына аққуларға тамақ бермеу керек екенін айтты.
"Өңіріміздің табиғатын сақтауға белсенді қатысқаны үшін халыққа алғыс айтамыз. Алайда осы мәселеге барынша саналы түрде қарауыңызды сұраймыз. Қаракөл көлі таяз, бұл жағдайда тамақ беру бүкіл экожүйе үшін өте қауіпті болуы мүмкін. Сонымен қатар, аққулар тек құрғақ астықпен қоректенбейді, олар су асты өсімдіктерімен қоректенеді", - деді Үстірт мемлекеттік тарихи қорығы директорының міндетін атқарушы Жасқайрат Нұрмұхамбетов.
Қаракөл көлі Қазақстанның қорғалатын орнитологиялық орындары қатарына жатады. Бұл мекен - ондаған мың құстың қыста қонақтайтын орны. Бір жыл ішінде Қаракөл көліне қоныс аударатын құстардың 80-нен аса түрі, соның ішінде аққулар мен бүркіттер келеді. Бұл сулы-батпақты алқапта жылдың әр мезгілінде суда жүзетін және су маңындағы құстардың 175 түрі, оның ішінде Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген құстардың 21 түрі мекендейді.
Еске салайық, бұған дейін Ақтауда көл жағасынан 30 аққу өлі табылғаны хабарланды. Ал кейін "Қаракөл" көлінің жағасынан 300-ден аса өлі аққу табылды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова