Маңғыстау облысында құтқарушылар 22 жастағы қызға көмектесті. Теңізде демалып жүргенде оны жағадан алысқа ағыс алып кеткен, - деп хабарлайды Tengrinews.kz ТЖМ-нің ресми Telegram-арнасына сілтеме жасап.
Оқиға Жаңаөзеннен 71 шақырым жердегі "Кендірлі" демалыс базасының маңында болған.
2004 жылы туған қыз үрлемелі шеңбермен жүзіп жүргенде, оны ағыс жағадан шамамен 200 метр қашыққа алып кеткен.
"Хабар түскен бойда құтқарушылар оқиға орнына дереу жетіп, қызды тауып, аман-есен жағаға шығарды. Оған медициналық көмек қажет болған жоқ", - деп хабарлады ТЖМ.
Осыған байланысты ведомство желді күні ашық су айдындарында үрлемелі шар мен матрас қолдану аса қауіпті екенін еске салды.