Маңғыстау облысында 13 жастағы қызды ұрған оқушының ата-анасы жазаланды

Маңғыстау облысында 13 жастағы қызды ұрған оқушының ата-анасы жазаланды
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Маңғыстау облысында ата-ана баласының іс-әрекеті үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Маңғыстау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында А-ға қатысты іс қаралды.

А. ӘҚБтК-нің 127-бабының 3-бөлігінде көзделген құқықбұзушылық жасаған (Кәмелетке толмаған адамның қылмыстық құқықбұзушылық белгілері бар қасақана іс-әрекетті жасауына алып келген ата-ананың кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамауы).

Сотпен анықталғаны:

А. 11 жастағы қызы Ө-ге қатысты кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу жөніндегі ата-аналық міндеттерін орындамай, қызының 13 жастағы қызды ұрып-соғып, бейнежазбаға түсіріп, қылмыстық құқықбұзушылық белгілері бар қасақана іс-әрекет жасауына алып келген.

Сот отырысында А. кінәсін толық мойындап, жасаған іс-әрекетіне өкініп, соттан жеңіл жаза тағайындауды сұрады.

Сот жаза тағайындау барысында әкімшілік құқықбұзушылық үшін жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайы кінәсін мойындауын, шын ниетпен өкінуін, жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайдың жоқтығын ескерді.

ӘҚБтК-нің 127-бабының 3-бөлігінде "Кәмелетке толмаған адамның қылмыстық құқықбұзушылық белгілері бар қасақана іс-әрекетті жасауына алып келген ата-ананың кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамағаны үшін" - 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға не он тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза қолдану көзделген.

Соттың 2024 жылғы 22 қарашадағы қаулысымен:

А. ӘҚБтК-нің 127-бабының 3-бөлігінде көзделген әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 73 840 теңге әкімшілік айыппұл түріндегі жаза тағайындалды.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

С. Сатыбалдина