Маңғыстаудағы мектептердің бірінде балалар жаппай уланып қалды. Бұл жағдайға Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы түсініктеме берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Аlmaty.tv-ға сілтеме жасап.
Бесшоқы ауылындағы (бұрынғы Маңғыстау-5 – ред.) 1-сынып оқушысының туыстарының бірінің мәлімдемесіне сәйкес, №8 мектепте бірінші ауысымның 1-4-сынып оқушылары асханада тамақтанған соң жаппай уланып қалған.
«Қарындасым сабақтан шаршап қайтқанын және ұйықтағысы келетінін айтты. Кешке оянғанда жүрегі айнып, қызуы 39,2 градусқа дейін көтерілді. Біз оны дереу Маңғыстау ауылындағы ауруханаға жеткіздік», - дейді қыздың ағасы.
Зардап шеккен 1-сынып оқушысының туыстары Бесшоқы ауылында аурухананың толып қалғанын және кезек пайда болғанын айтады. Олардың айтуынша, онда 50-ден астам бала болған. Маңғыстау ауылындағы медициналық мекеме 35-40 оқушыны тексерген. Ақтау қаласындағы 26-ықшамауданда орналасқан Маңғыстау облыстық балалар ауруханасына балаларын жеткізгендер де бар.
Қазіргі уақытта зардап шеккендер әлі де дәрігерлер көмегіне жүгініп жатқан көрінеді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы 6 қыркүйектің кешкі уақытынан бері №8 мектептің 21 оқушысы іші ауырып, дене қызуы көтеріліп, жедел жәрдемге жүгінгенін хабарлады.
«Түскі сағат 13:15-ке дейін медициналық көмекке 58 бала жүгінген. 26 бала емханада ем қабылдап жатыр, 27 бала үйде, бесеуі ауруханада жатыр», - делінген хабарламада.
Қалыптасқан жағдайдың себебін анықтау үшін Маңғыстау облысы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментіне хабарлама жіберілді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!