Маңғыстау креаторларының рекордтық жетістігі: екі күнде 33 млн теңгеден астам өнім сатылды

Астанада Creative Aimaq жобасы аясында Qazaq Creative Hub алаңында ұйымдастырылған "Маңғыстау: Тамыр. Талғам. Креатив" атты екі күндік жәрмеңке аяқталды. Іс-шара қорытындысында 33 млн 260 мың теңгенің өнімі сатылды. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, жәрмеңкеге Маңғыстау облысының креативті индустрия саласындағы 40 өкілі қатысып, өз өнімдерін көпшілікке таныстырды.

Өңірден келген қатысушылар елорда жұртшылығына сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарын, дизайнерлік топтамаларды, авторлық туындылар мен жергілікті өндірушілердің өнімдерін ұсынды. Көрмеге қойылған жұмыстар өңірдің мәдени мұрасы мен қолөнерінің ерекшеліктерін танытты. Шеберлердің еңбектерінде ұлттық дәстүр мен заманауи бағыт айрықша үйлесім тапқан.

Астанада өткен екі күндік "Mangystau Creative Days" көрме-жәрмеңкесінде Маңғыстаудың шығармашылық әлеуеті кеңінен таныстырылды. Әкімдік ақпараты бойынша, шараға өңірден 150-ге жуық адам қатысып, 40-қа жуық креатор 1800-ден астам авторлық өнім мен шығармашылық жобасын ұсынған. Көрме аясында ұлттық қолөнер, заманауи дизайн, зергерлік өнер және өңірдің мәдени-тарихи ерекшелігін дәріптейтін алты тақырыптық аймақ ұйымдастырылды.

"Біздің мақсатымыз – өңір креаторларының әлеуетін танытып, еңбегін дәріптеу, олардың жобаларын үлкен алаңдарда көрсетуге және әрі қарай дамуына мүмкіндік беру", – деді Маңғыстау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Нұртас Сали.

Екі күн бойы көрме, сән көрсетілімдері, музыкалық-поэзиялық қойылымдар, концерттер мен тақырыптық шеберлік сабақтары өтті. Бағдарламада Маңғыстаудың дәстүрлі мәдениетін қазіргі шығармашылық бағыттармен сабақтастыруға мән берілді.

Әкімдік мәліметі бойынша, жәрмеңкені 13 мың адам тамашалаған. Іс-шара өңірлік брендтерді таныстырумен қатар, жаңа іскерлік байланыстар орнатуға, өнім өткізу нарығын кеңейтуге және отандық өндірушілердің әлеуетін көрсетуге мүмкіндік берді.

Creative Aimaq жобасы өңірлердегі креаторларды қолдауға, креативті индустрия саласындағы кәсіпкерлікті дамытуға және Қазақстан өңірлерінің шығармашылық әлеуетін кеңінен танытуға бағытталған.

 

Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынған материал