Түркістан облысының 5 жылдығына орайластырылып, қалада түрлі шара өтіп жатыр. Бұған қоса, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні де бар. Бүгін Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңайда 5 мың кәуап пісіріліп жатыр. Мангалдар тайқазан үлгісінде жасалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Түркістан облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасының бөлім басшысы Мұқағали Кенжетайұлы 27 сәуір мен 1 мамыр аралығында түрлі мәдени шаралар ұйымдастырылатынын айтқан.
"Аталған мереке аясында облыстағы барлық мәдени мекемелер мен концерттік ұйымдарда, музейлерде, кітапханаларда бірқатар шаралар өткізіледі. Мәселен, "Ұлттар достастығы", "Қазақстан – бірлік пен татулық мекені көрме", "Өркениетке негізделген ынтымақтастық", "Ұлт тірегі – ынтымақ", "Менің Отаным – Қазақстан", "Бейбітшілік – ел тілегі" атты танымдық кештер, достық сағаты мен мерекелік концерттер ұйымдастырылады. Одан бөлек, 28-29 сәуір аралығында облыстық кітапханаларда кеңейтілген кітап көрмелері өткізіледі деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ, 1 мамыр күні "Конгресс Холл" көп салалы кешені мен Түркістан музыкалық драма театрында мерекелік концерттер мен қойылымдар ұсынылады", - деді Мұқағали Кенжетайұлы.
"Бүгінде қайта түлеп, түрленіп келе жатқан Түркістан облысының халқы 2 миллионнан асады. Өңірде 50-ден аса этностың өкілдері береке-бірлікте өмір сүріп келеді. Биыл ҚР Президенті әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес, бірлік күніне арналған іс-шаралар 24-30 сәуір аралығында ұйымдастырылып жатыр. Жоспар шеңберінде өңірімізде қайырымдылық акциялар, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, қолөнер көрмелері, концерттер, интеллектуалды байқаулар, арнаулы орта және жалпы орта білім беру ұйымдарында жастарды достыққа, бірлікке шақыратын сабақтар өткізіледі", - деді Ерназар Баетов.
Мерекелік шаралардың қорытындысы бүгін 30 сәуірде Түркістандағы "Визит орталығының" алаңында өтті. "Қазақстан – достық мекені" атты шарада жиналған көпшіліктің көзінше 5 000 кәуап пісіріліп, жиылғандар дәм татты.
Осы жиын кезінде бірнеше азамат облыс әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!