Байырғы "Бауыржан шоу" театрының жарқын жұлдызы, актер Алмат Сақатов "Dala" подкастына берген сұхбатында қоғамда резонанс тудырған, әйелін ұрып өлтірді деген күдікке ілінген экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Өнер иесі адамды аямай ұрып, кейін оның өлімін тосып отыруды зұлымдыққа теңеді.
"Саған ит үрсе, сен оны өлтіресің бе? Әлде соғасың ба? Жоқ, қашасың немесе үргенде "ей" дейсің де, ары қарай кетесің. Ал ит қауып алса, не істейсің? Ұрасың, өйткені сен қорғануың керек. Бұл жерде де осындай жағдай. Бұдан керемет таңғаларлық оқиға, сериал жасаудың қажеті жоқ. Ол адамды өлтірді, бұл факт! Ол оны жәй өлтірді ме, қуалап жүріп өлтірді ме? Адамды аяқ астынан, абайсызда өлтіріп алуың мүмкін. Мысалы, адамды бір ұрған кезде басымен үстелге құласа, өліп қалады. Міне, абайсызда адам өлтіру деген осы. Ал бұл жерде, құдай-ау бәрі айдан анық көрініп тұр ғой, дәлелденіп тұр. Оны әбден ұрды, ол өлейін жатты, қанша уақыт бойы өлгенін қарап, тосып отырды. Бұдан артық қандай зұлымдық керек? Адамды өлтірді ме? Болды, ол сотталуы керек. Оған қоса, адамдар тілінен тапты деп жатыр. Иә, әйел сөйлейді. Көріп отырған ағайынға сұрағым бар. Кімнің әйелі сөйлемейді? Сөйлемейтін әйел бола ма? Әйел енді не істейді? Олар соға алмайды, ұра алмайды, тістей алмайды. Әйелдің қаруы - тіл. "Тілсіз жау" дейді. "Елу бәленің қырық тоғызы тілден" деп жатады. Әйел сөйлеу үшін жаралған. Ал еркек жұмыс істеп, отан қорғап, ұясын, баласы мен әйелін қорғау үшін туған. Адамдар "не болды әйел ұқсап ұрысып?" деп айтып жатады ғой. Әйел ол сөйлеуі керек, сені шағуы керек. Біздің үйде де мұндай айдаһар бар. Анам да әкеме сөйлейтін, үй жинап жүріп ұрысып алатын. Әйелдің табиғаты сондай. Мен оны түсінемін, егер Салтанат қолына суық қару алып, одан Бишімбаев қашып құталамын деп маңдайына балта қадаса, түсінетін едім. Бірақ сөйлегені үшін адамды ұрып өлтіріп, оны тосып, көріпкелге қоңырау шалу деген - сұмдық. Айтарға сөзім жоқ", - деді актер.
Тағы да оқи отырыңыздар: Айдың 17 күні туған адамдар қандай болады?
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз