- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Мамырда қазақстандықтарды күтіп...
Мамырда қазақстандықтарды күтіп тұрған 10 өзгеріс
Көктемнің соңғы айы мамырда көптеген жаңалық болмақ. Massaget.kz тілшісі алдағы айда болатын өзгерістерді топтастырды.
Микрокредит ресімдеудің жаңа қағидалары қолданылады
15 мамырдан бастап несие алған кезде келісім-шартқа мұқият қараңыз. "31 арнаның" Информбюро жаңалықтар қызметінің мәліметінше, 15 мамырдан бастап банктер мен микроқаржы ұйымдары келісімшарт пен жарнама мәтінінде жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі мен номиналды сыйақы мөлшерлемесін бірдей көлемдегі қаріптермен жазуға міндетті болмақ. Яғни, ставка туралы ақпарат ұсақ шрифтермен емес, тұтынушыға бірден көрінетіндей болып ұсынылуы қажет.
Фото: Тұрар Қазанғапов
Демек, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі өзге сыйақы ставкаларымен бірдей ұсынылады. Егер жалпы шарттар келісім-шартта кесте түрінде берілсе, жылдық ставка бөлек бағанда не жеке жолда жазылуға тиіс. Бастысы, клиентке көрінуі керек. Сәйкесінше, бұл құжат тұтынушылардың құқығын қорғап, қарыз алушыларға банктен алатын борышы туралы сенімді ақпарат алуға мүмкіндік бергелі отыр. Әрі қаржы ұйымдары мөлшерлемелер жайлы деректі әртүрлі шрифтілермен бере алмайтындықтан, борышкер несие рәсімдеп жатып-ақ артық төлейтін сомасының шынайы көлемін біле алады. Бірақ жаңа қағидалар қаулы ресми жарияланғаннан кейін 60 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Ал құжат 20 ақпан жарияланып отыр. Яғни, 15 мамыр күшіне енбек.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік өзгереді
2022 жылғы қыркүйекте Президент Қазақстан халқына Жолдауында тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдату жөнінде тапсырма берген болатын.
Осыған орай Ішкі істер министрлігі мынандай заңнамалық өзгерістерді енгізді: біріншіден, тұрмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеуді арыздану сипатынан анықтау сипатына көшіру. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, тұрмыстық зорлықтан зардап шегушілер өміріне немесе денсаулығына қауіп төнген кезде полицияға жүгінеді, ал полиция қызметкерлері келгеннен кейін жанжалқорларға қарсы арыз жазудан бас тартады.
Фото: Әлихан Сариев
Екіншіден, тараптардың қайта татуласу мүмкіндігін болдырмаймыз. Өтініш болған жағдайда біз әкімшілк хаттама толтырамыз, олардың жартысы жәбірленушінің агрессормен татуласуына немесе ұстанымының өзгеруіне байланысты сотта тоқтатылады. Бұндай жағдайлар агрессордың қысымының немесе туыстарының сендіруі нәтижесінде болады.
Үшінші, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті күшейттік. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің шеңберінде отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқық бұзушылықтар жасағаны үшін (73-бап, 73-1-бап, 73-2-бап, 461-бап, 669-баптың 2-бөлігі, 669-баптың 3-бөлігі) әкімшілік қамауға алу мерзімдері айқындалған. (бұл баптардың бәрінен "дейін" деген шектеуді алынып тасталды, 10, 15, 20 тәулік қамауға алу қалдырылды), сондай-ақ қайталанған құқық бұзушылықтар бойынша 25 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу мерзімі ұзартылды.
Бұл түзетулерді Парламент депутаттары 16 наурызда қолдап, Президент 20 сәуірде қол қойған болатын. Қылмыстық кодекске енген өзгерістер 19 мамырда, ал әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс 1 шілдеден бастап заңды күшіне енеді.
2 мамырдан бастап балаларды тегін секциялар мен үйірмелерге тіркеу басталады
Биыл 26 сәуірден бастап Алматыда мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыстарды орналастыру үшін жеткізушілерден өтініш қабылдау басталады. Бүгінде пайдаланушыларға қосымша мүмкіндік пен ыңғайлы жағдай ұсынатын www.damubala.kz атты жаңа ақпараттық жүйеге көшу аяқталды.
2023 жылғы 3 наурыздан бастап Алматы әкімдігі мемлекеттік шығармашылық және мемлекеттік спорттық тапсырысты іске асыру үшін өкілеттікті аудан әкімдіктеріне берді. Мемлекеттік тапсырысты үйлестіруді аудандарға беру бағдарламаны іске асыру кезіндегі көптеген кемшілікті алдын алады. Мысалы, тегін секциялар мен үйірмелерді тіркеу және дұрыс көрсетпеу фактілері кездесті.
Фото: elements.envato.com
"26 сәуірде сағат 9:00-ден бастап операторлар бағдарламада бұрын жұмыс істегендер мен жаңадан қосылушылар үшін жеткізушілердің жұмысына кәсіпкерлерден өтінім тіркеуді бастайды. 2 мамырда сағат 18:00-ден бастап ата-аналар порталдағы үйірмелер мен секцияларға қатысу үшін балаларын тіркей алады", - делінген әкімдік хабарламасында.
Балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйірмелерде мемлекеттік шығармашылық тапсырысты орналастыру және олардың жұмыс істеу қағидасының 12-тармағына сәйкес, өтініш қарау және ваучерлерді бөлу оператордың биылға арналған бюджетінде көзделген мемлекеттік тапсырыс үшін қаражат көлемі толық бөлінген кезде аяқталады.
Ақылы жолдармен жүру тәртібі өзгереді
Қазақстанда жалпыға ортақ пайдаланылатын республикалық маңызы бар ақылы автомобиль жолдары бойынша жол жүру ақысын алудың жаңа ережелері бекітілді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. "Жалпыға ортақ пайдаланылатын республикалық маңызы бар (жол учаске) ақылы автомобиль жолымен жүріп өту үшін ақы алу қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына өзгерістер 15 мамырдан бастап күшіне енеді.
Құжатқа сәйкес, ақылы учаскелерде ақылы қозғалысты ұйымдастыру ақы алу жүйесі құрылғысының көмегімен жүзеге асырылады. Ақылы учаске бойынша жол жүру пайдаланушы мен ұйымдастырушы арасындағы шарт негізінде жүзеге асырылатыны айтылған. Бұдан бөлек ақылы учаскені пайдалану шарты жария деп көрсетілген. Жария шарт жасасу сәті болып ақылы учаскеге кіру сәті жатады.
Фото: Pixabay.com
Ақылы учаскелер бойынша жол жүру ақысын алу тәртібіне сәйкес, пайдаланушы жол ақысын мынадай тәсілдермен төлейді:
- төлем жүйелерінің көмегімен алдын ала төлеу бойынша;
- кейінгі төлем;
- ақы алу пунктінде ақы төлеу.
Мектеп оқушылары үшін оқу жылы аяқталады
2022-2023 оқу жылын аяқтау және орта білім беру ұйымдарында білім алушыларды қорытынды аттестаттаудан өткізу мерзімдерін бекіту туралы оқу-ағарту министрінің бұйрығы қабылданды.
Бұйрық бойынша:
Меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, орта білім беру ұйымдарындағы оқу сабақтары 31 мамырда аяқталады.
9 (10) сыныптарда білім алушылардың қорытынды бітіру емтихандары 2-13 маусым аралығында өткізіледі.
11 (12) сыныптарда білім алушылардың мемлекеттік бітіру емтихандары - 2023 жылғы 5-19 маусым аралығында өткізіледі
Мамырдағы мереке күндері ХҚКО-лар қалай жұмыс істейді?
Азаматтарға арналған үкімет мәліметінше, Қазақстан халқының бірлігі күні, Отан қорғаушылар күні және Жеңіс күніне байланысты ХҚКО мен мамандандырылған ХҚКО-лар 1, 8 және 9 мамырда жұмыс істемейді.
6 мамырда кезекші ХҚКО мен мамандандырылған ХҚКО қызметкерлері ғана жұмысқа шығады. Бұл күні олар азаматтарға сағат 13.00-ге дейін қызмет көрсетеді. 10 мамырдағы мерекелерден кейін барлық халыққа қызмет көрсету орталығы әдеттегі кесте бойынша жұмысын жалғастырады.
Фото: Тұрар Қазанғапов
Алматыда субұрқақтар іске қосылады
Қаладағы фонтандар 1 мамырдан 1 қазанға дейін күн сайын сағат 08:00-ден 23:00-ге дейін жұмыс істейтін болады. Бұрын фонтандар маусымы 25 мамырдан 25 қазанға дейін созылды. Айта кетерлігі, фонтандар +5°C-тан жоғары температурада жұмыс істей алады.
Бүгінгі таңда Алматыда 150 фонтан бар, оның 64-і коммуналдық меншікте. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында фонтанда шомылуға қатаң тыйым салынады.
Биыл 9 мамырда әскери шеру өткізілмейді
Биыл Қазақстанда Жеңіс күні қарсаңында әскери шеру өткізілмейді. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, ведомство әскери-патриоттық шараларды жоспарлаған. Алайда биыл әскери шеру өткізілмейді.
"2023 жылы Қазақстанда әскери шеру өткізу бюджет қаражатын үнемдеуге, басқа да міндеттерді шешу қажеттігіне байланысты жоспарланбайды. Қазақстан Қарулы Күштері бөлімшелерінің жауынгерлік әзірлігі мен ұтқырлығын қолдау басым бағыт саналады", - делінген хабарламада.
Фото: akorda.kz
Қорғаныс министрлігі әскери-патриоттық іс-шараларды жоспарлап, өткізіп жатыр. Соның ішінде ерекше көзге түскен әскери қызметшілерді құрметтеу, соғыста қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерді еске алу және олардың ерлігін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
ХҚКО 26 сәуірден бастап кейбір қызмет түрлерін уақытша тоқтатады
26 сәуір мен 9 мамыр аралығында еліміздің ХҚКО-ларында жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу, міндетті тіркеуге жатпайтын жылжымалы мүлікті тіркеу және жылжымайтын мүлік нысандарын техникалық тексеру саласында қызмет түрлерін көрсетпейді. Қағаз жеткізгіштерде қызметтің орындалуы әрі құжаттарды жеткізу мерізімінің ұзақтығына байланысты ХҚКО-ларда көрсетілетін қызметтерді қабылдау eGov.kz-тен бұрын тоқтатылады. Қызметке 26 сәуірге дейін тапсырыс берген азаматтар нәтижені көрсетілген мерзімде ала алады.
2-9 мамыр аралығында eGov.kz порталы арқылы жылжымайтын мүлікті ресімдеуге әрі техникалық тексеруге құжаттарды онлайн қабылдау, нотариустар, салық жүйелері арқылы, екінші деңгейдегі банктер және ҚР Әділет министрлігінің атқарушы органдарының жүйелері бойынша қабылдау тоқтатылады. Одан бөлек, көрсетілген кезеңде азаматтар тұрғын үй бағдарламаларына байланысты қызметтерді пайдалана алмайды.
Қанша күн демаламыз?
Қазақстанда мамырда үш бірдей мереке бар. Сондықтан бұл айда қазақстандықтар бірнеше күн демалады. Мамырда үш мереке атап өтіледі: 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күні; 7 мамыр - Отан қорғаушылар күні; 9 мамыр - Жеңіс күні.
1 мамыр дүйсенбіге тұспа-тұс келеді. Сондықтан үш күн, яғни 29, 30 сәуір және 1 мамыр демалыс болады.
Ал 7 мамыр жексенбіге сай келеді. Сондықтан ол дүйсенбіге ауыстырылады. Сәйкесінше, қазақстандықтар 6 мамыр мен 9 мамыр аралығына демалады.
Қазақстандықтар мамырда мына күндері демалады:
- Аптасына бес күн жұмыс істейтіндер үшін 1, 6-9, 13-14, 20-21, 27-28 мамыр - демалыс.
- Аптасына алты күн жұмыс істейтіндер үшін 1, 7-9, 14, 21, 28 мамыр - демалыс.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина