Мамырда қазақстандықтарды бірқатар өзгеріс пен жаңалық күтіп тұр. Massaget.kz тілшісі маңызды өзгерістерге шолу жасады.
Мамырда ХҚКО-лар мен мамандандырылған ХҚКО-лардың жұмыс тәртібі өзгереді, себебі қазақстандықтар бұл айда үш мемлекеттік мерекені атап өтеді. Халыққа қызмет көрсету орталықтары, соның ішінде мамандандырылған орталықтар 1, 7, 9 мамыр күндері жұмыс істемейді. 4 мамырда орталықтар кешкі сағат 18:00-ге дейін, кезекші орталықтар 20:00-ге дейін қызмет көрсетеді.
Ал 8 мамырда тек кезекші ХҚКО-лар мен кезекші мамандандырылған ХҚКО-лар ғана жұмыс істейді. Жұмыс уақыты 13:00-ге дейін жалғасады. 10 мамырдан бастап фронт-офистер әдеттегі жұмыс режиміне оралады.
Мамырда күн 40 градусқа дейін ыстық болуы мүмкін. Қазгидромет мамандарының айтуынша, солтүстікте күндіз ауа температурасы +35 градусқа дейін, ал оңтүстікте +40 градусқа дейін жоғарылауы мүмкін.
"Айдың көп бөлігінде жоғары температура болады деп күтіліп отыр. Республикамыздың солтүстік жартысында күндіз +25+35°C дейін ысуы мүмкін, оңтүстік жартысында +30+40°C дейін. Солтүстік, шығыс және орталық аймақтарда, сондай-ақ, елдің оңтүстік-шығысындағы таулы аймақтарда түнде -5+5°C дейін, күндіз +10+15°C дейін, еліміздің батысында және оңтүстік жартысында түнде +5+15°C дейін, күндіз +16+26°C дейін болады", - деді Қазгидрометтің бірінші дәрежелі инженері Сымбат Өсер.
Қазақстанда мамырдағы демалыс күндері ауысты. Демалыс күні 4 мамыр, сенбіден 8 мамыр, сәрсенбіге ауысады. Яғни қазақстандықтар 4 мамыр - сенбі жұмыс істеп, 7, 8, 9 мамыр күндері демалады.
1 мамырда жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылады. Бұл туралы өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, бағдарламаны "Отбасы банкі" қаржыландырады. Биыл 15 наурызда Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың әлеуметтік осал тобына арналған тағы бір жеңілдетілген ипотеканы іске қосуды тапсырған еді.
Астана халықаралық әуежайы 1 мамырдан бастап түнгі уақытта жұмыс істемейді. Астана халықаралық әуежайында орындалатын рейстерге ұшу-қону жолағына күрделі жөндеу жүргізуге байланысты өзгерістер енгізілді.
Әуежайдың баспасөз қызметі мәліметінше, 2024 жылғы 1 мамырдан бастап жөндеу аяқталғанға дейін, жергілікті уақыт бойынша сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін елорда әуежайының әуеайлағында ұшақтарды қабылдау және ұшу тоқтатылады.
Осыған байланысты Астанадан/Астанаға орындалатын әуекомпаниялардың рейс кестесіне өзгерістер енгізіледі.
Қазақстанда соңғы қоңырау 25 мамырда соғылады. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары - еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты.
Ал бұған дейін Қазақстанда соңғы қоңырау 1 маусымда болатыны айтылған еді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!