"Мамыр бітпей жөнделеді". ШҚО-да мемлекеттік бағдарламамен берілген үйлердегі кемшіліктері жақында реттеледі

"Мамыр бітпей жөнделеді". ШҚО-да мемлекеттік бағдарламамен берілген үйлердегі кемшіліктері жақында реттеледі
Фото: автордан

Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданына қарасты Үлкен Нарын ауылының тұрғындары әлеуметтік желі арқылы "Нұрлы жер" бағдарламасымен берілген баспанада олқылық көп екеніне шағымданған болатын. Әкімдік өкілдері осы мәселеге қатысты ресми пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл үй 2021 жылы қолданысқа берілді. Үш қабатты, 1,5-2 бөлмесі бар.

"Кемшіліктер шығып жатыр" деген соң ол жаққа арнайы бардық. Мердігер де жағдайдан хабардар. Олар ат тонын ала қашқан жоқ, қателік кеткенін мойындап отыр. Алдағы дүйсенбіде келеді деп жоспарланды. Шағым білдірген тұрғын үшінші қабатта тұрады. Шатырына шығып көрдік, ол жер бүтін. Қыста суық кірмес үшін жылытқыш қойылған. Мердігерлер келсе, шатырдың астында көрінбей тұрған аралықты ашып, тиісті жұмыстар атқарылады. Бұйыртса, мамыр бітпей жөнделеді", - деді аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Талғат Мұсабаев.

Мердігердің әлі кепілді міндеттемесі бар. Абылайхан көшесі, 146 мекенжайындағы көпқабатты үйде осы пәтерде ғана кемшіліктері бар екен. Бөлім басшысы бұған дейін шағым білдірген Әсем Жүнісованың қазіргі жағдайынан хабардар екенін айтып, мүмкіндігінше қол ұшын беріп тұратындарын жеткізді. Алдағы аптада жұмыскерлер тартылса, су аққан жерлер мен құбырлар жөнделмек.

"Бастысы құрылыс жүргізген адамдармен бір ымыраға келдік. Себебі көп мердігер жұмыс аяқталып, ақшасын алған соң "біздің кінәміз жоқ" деп қимылдауға құлшынбайтын. Бұрыштағы үй болғандықтан, бір жерінде болмашы саңылау түзіліп, қар суы мен жаңбыр өтіп кеткен сияқты. Әсем апайды жақсы танимыз. Бізге хабарласқан соң өзімен жолығып, жағдайды түсіндірдік. Қыстың аязды күндері жағдайын біліп, көмек беріп тұрамыз", - деді Талғат Қамбетұлы.

Бөлім басшысы үш қабатты үйде мемлекеттік қызметкерлер көп тұрып жатыр деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді. Себебі бұл үйде мүмкіндігі шектеулі жандар, көпбалалы және толық емес отбасылар тұрады делінген болатын.

"Жұмыс бабына қарай мемлекеттік қызметкерлерге 3-4 пәтер бөлінген. Бұл жерде баспана берілерде ішкі комиссия осындай шешім шығарған болуы керек. Бұл  үйде асыраушысынан айырылған жанұялар да тұрып жатыр", - деді ол.

Еске салайық, бұған дейін мүмкіндігі шектеулі жандар мемлекеттік бағдарламамен алған үйлерінің сапасына шағымданғаны хабарланған еді.

Асыл Бигелді

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz