Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният қазақстандықтарға МӘМС жарналарының 50 пайызын қайтару туралы ұсынысқа жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Шенеунік қазіргі таңда бұл мәселе заңнамалық тұрғыдан анықталып, бекітіліп қойғанын атап өтті.
"Ақша қайтарылмайды. Мәселен, биыл жарна төлеген азамат ауырып-сырқамаса, онда жылына орта есеппен түсетін 100 мың теңгенің 50 мың теңгесін оған қайтару қарастырылмаған. Себебі келесі жылы оған 1 млн теңгенің медициналық көмегі керек болатын шығар... Бұл көмек барлығына бірдей қолжетімді болуы үшін қаражат қайтарылмайды", - деп түсіндірді Ажар Ғиният журналистер сауалына.
Министрдің айтуынша, МӘМС жүйесі халықтың ахуалын жақсартуға оң әсерін тигізген.
"Мысалы, коронарографияны, миокард инфаркі кезіндегі жіті коронарлық синдром дертін алайық, бұл дертті емдеу құны - 1,2-1,5 миллон теңгенің айналасында. Ал бұл жүйе бұрыннан "дені сау адамдар науқастар үшін, байлар кедейлер үшін төлейтін ынтымақты жүйе" ретінде құрылған", - деді Ажар Ғиният.
Азамат Қойшығара