Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният МӘМС жүйесіне тексеру жүргізу керек деген депутаттың ұсынысына жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бүгін депутат Бақытжан Базарбек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тексеріп жүргізуді ұсынып, медициналық көмек "алып жүрген" марқұмдар барын айтқан еді.
Мәжілістегі Үкімет сағатынан шыққан соң министр оның сұрағына жауап берді.
"Болжамды орынсыз деп санаймын. Себебі денсаулық сақтау саласына бөлінген 2,5 триллион теңге Ұлттық банктің есепшотына түседі. Оның әрбір теңгесіне қор (Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры) жауап береді. Министрлік аудит өткізіп, әртүрлі заңбұзушылықты анықтап жатыр. Заңды бұзу деректері әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының кей облыстардағы департаментерінен, медициналық ұйымдарынан анықталды. Тіркелген жағдайларды құқық қорғау органдарына тексеруге жіберіп жатырмыз. Олардың арасында сотқа жеткен істер бар. Заң бұзғандар жауап береді", - деді Ажар Ғиният.
Сондай-ақ, ол бюджет қаржысын тиімді игеру мәселесі цифрландыру арқылы шешілетінін жеткізді.
"Цифрландырудың болмауына байланысты ДСМ мен Әлеуметтік медициналық қорының мамандары әрбір медициналық ұйым көрсеткен көмектің 10 пайызына мониторинг жүргізеді. Бүгінде қор 50 мыңнан аса әртүрлі заңбұзушылықты анықтады. Ол бойынша медициналық ұйымдарға айыппұлдар салынды. Осындай деректер болмау үшін медициналық ұйымдарға аударылған қаражатты науқастарға жеткенге дейін процесті цифрландырамыз. Бүгінде Цирфрлық даму министрлігімен жұмыс жүргізіліп жатыр. 2024 жылы бұл жүйені енгіземіз. Нәтижесінде бізге медициналық ұйымдар кімге қандай медициналық көмек көрсеткені бойынша есеп береді. Ең соңында науқас "Иә, мен бұл медициналық көмекті алдым" деп баға береді. Осылайша, медициналық ұйымдарды тексереміз", - деді министр.
Еске салайық, бұған дейін депутат Бақытжан Базарбек МӘМС жүйесінде, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында жемқорлық мәселесі барын ашық айтқан еді.
"Бұл пробламен жүйелі түрде күресу керек. Олай істемесек, мемлекеттің (медицина бағытындағы -еск.) саясаты құрдымға кетеді. Мысалы, 2023 жылы Астана қаласының прокуратурасы тексеріс жүргізген. Нәтижесінде 2500 адамды яғни "өлі жандар"ретінде тіркеген. Олар - өлген адамдар. Іс жүзінде олар ауырмаған, кейбірі тіпті қайтыс болған. Кейбірі Астана қаласында тұрмайды. Алайда олар медициналық қызмет алып жүрген. Салдарынан бюджетке жүздеген миллион теңге шығын келтірілген", - деді депутат Мәжілістегі Үкімет сағатында.
Аяз Есен
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз