- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- МӘМС қаржысы
МӘМС-ке артық төленген ақшаны қалай қайтарып алуға болады?
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне артық төленген жарналарды қайтаруға азаматтардың құқығы бар. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Мәжілісте өткен Үкімет сағатында мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров министрден екі немесе үш жерде жұмыс істейтін адамдардың МӘМС жарна төлеу тәртібі туралы сұрады.
"Егер азамат бірнеше жерде жұмыс істесе, жарна барлық жұмысынан төленеді. Бірақ ол бір жыл ішінде емханаға мүлде жүгінбесе, ақшасы пайдаланылмай қалады. Бұл әділетсіз. Әрбір азаматқа өз жарналарын бақылау, басқару және қандай медициналық қызметтерді пайдалана алатынын білу құқы берілуі керек. Бұл қаражатты қажет болған жағдайда өз ақшасы ретінде пайдалануға мүмкіндік берілуі қажет", - деді депутат.
Денсаулық министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, сақтандырылған азаматтар қайткен күнде де медициналық қызметті тегін алуға құқылы. Алайда бірнеше жерде жұмыс істейтін адамдардың барлық жұмысынан жарна төленгенімен, оның көлемі белгіленген шектен аспауы тиіс.
"Егер бірнеше жерде жұмыс істейтін азаматтардың жалпы жарнасы 850 мың теңгеден (10 еселенген ең төменгі жалақы мөлшері) асып кетсе, олар артық төленген соманы қайтарып ала алады. Ол үшін МӘМС-тің жергілікті филиалына өтініш жазып, үстіндегі қаражатты қайтаруға бүгінгі таңда мүмкіндігі бар. Бұл қаражатты жылдан жылға ауыстыра алмайды", - ведомство басшысы.
Бұл шара азаматтардың жарна төлеу әділдігін қамтамасыз етуге және артық төлемдерді бақылауға мүмкіндік береді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Бақдаулет