МӘМС арқылы ЭКО бағдарламасына қалай қатысуға болады? Мамандар жауап берді

МӘМС арқылы ЭКО бағдарламасына қалай қатысуға болады? ЭКҰ бағдарламасына кімдер қатыса алады? Квотамен ЭКҰ жасату үшін не істеу қажет? ЭКО жасату үшін кезекке тұру қажет пе? Биыл ЭКО-ға қанша қаржы қарастырылған? Massaget.kz тілшісіне Медициналық сақтандыру қоры Алматы филиалының сарапшылары бұл сұрақтардың жауабын айтты.

МӘМС арқылы ЭКО бағдарламасына қалай қатысуға болады?

Экстракорпоральды ұрықтандыру - әйелдер мен ерлер арасындағы бедеулікке қарсы күрестің ең тиімді тәсілі. Заманауи репродуктив технологиялардың арқасында сәби сүю мүмкіндігі төмен жұптар да бала сүйіп жатады.

Медициналық сақтандыру қоры Алматы қалалық филиалының мәліметінше, 2021-2022 жылдары МӘМС есебінен "Аңсаған сәби" бағдарламасы бойынша 4080 сәби дүниеге келген, бүгінде бағдарламаға қатысқан тағы 2100 әйелдің аяғы ауыр. 

ЭКҰ жасату үшін кезекке тұру қажет пе?

Экстракорпоральды ұрықтандыру бағдарламасына қатысқысы келетіндерді тіркеу емханалар арқылы жүргізіледі. БМСК ұйымы бедеулікке шалдыққан пациентті диспансерлік науқастардың электрон регистріне тіркейді. Оның денсаулығын тексеріп, бедеулік себептері анықталғаннан кейін емхана құжаттарды арнайы маманның қорытындысымен бірге Денсаулық сақтау басқармасындағы жоғары технологиялы операциялар жөніндегі арнайы комиссияға жолдайды.

Қосалқы репродуктив технологиялармен жұмыс істейтін клиниканы пациент өзі таңдайды. Комиссия тарапынан оң шешім қабылданған жағдайда Ауруханаға жатқызу бюросы порталына жолдама беріледі.

elements.envato.com

Биыл ЭКҰ-ға қанша қаржы қарастырылған?

Биыл еліміз бойынша 7000 квотаға қаржы қарастырылған. Соның ішінде, 3,7 миллиард теңге (3192 квота) Алматыға бөлінген.

ЭКҰ бағдарламасына қандай клиникалар қатысады?

ЭКҰ бағдарламасына Алматы бойынша Медициналық сақтандыру қорымен келісімшарт бекіткен 7 клиника жұмыс істейді. Клиникалардың тізімімен Қордың fms.kz ресми сайты арқылы танысуға болады.

ЭКҰ сақтандырылғандар үшін тегін бе?

Жасанды ұрықтандыру бағдарламасы 2020 жылдан бері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті арқылы қаржыландырылады. Бағдарламаға қатысқысы келетін пациент міндетті түрде сақтандырылған болуы шарт.

ЭКҰ бағдарламасына кімдер қатыса алады?

Экстракорпоральды ұрықтандыру процедурасының басты шарты - бедеуліктің терапевтік емдеуге келмейтін түрі. Бағдарламаға отбасы ғана емес, ресми некеге тұрмаған жұптар да қатыса алады. Мұндай жағдайда екі жақтың өзара жазбаша келісімі қажет.

Денсаулық сақтау министрлігінің ЭКО жасау тәртібі жөнінде арнайы бұйрығында жасанды ұрықтандыру процедурасына іріктеуге қойылатын талаптар көрсетілген. Ол үшін:

  • Науқастың жасы 18 бен 42 аралығында;
  • соматикалық, эндокриндік статусы қалыпты жағдайда;
  • антимюллер гормоны (АМГ) 1,0 нанограмм/миллилитрден төмен болмауы;
  • фолликулостимуляция гормоны (ФСГ) 12-ден аспауы;
  • антраль фолликулдың жалпы саны 6-дан (циклдің 2-5 күндері) кем болмауы керек.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!