МӘМС арқылы ЭКО бағдарламасына қалай қатысуға болады? ЭКҰ жасату үшін кезекке тұру қажет? 2024 жылы ЭКҰ-ға қанша қаржы қарастырылған? Квотамен ЭКҰ жасату үшін не істеу қажет? Осы және өзге де сауалдарға МСҚ Алматы филиалы сарапшылары Massaget.kz тілшісіне жауап берді.
МӘМС арқылы ЭКО бағдарламасына қалай қатысуға болады?
Медициналық сақтандыру қорының Алматы қалалық филиалы өкілдерінің айтуынша, 2024 жылы Алматыда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында ЭКО бағдарламасына 3,8 миллиард теңге бөлінген. Экстракорпоральды ұрықтандыру - әйелдер мен ерлер арасындағы бедеулікке қарсы күрестің ең тиімді тәсілі. Заманауи репродуктивтік технологиялардың арқасында сәби сүю мүмкіндігі төмен жұптар да балалы болып жатады.
ЭКҰ жасату үшін кезекке тұру қажет?
Экстракорпоральды ұрықтандыру бағдарламасына қатысқысы келетіндерді тіркеу емханалар арқылы жүргізіледі. БМСК ұйымы бедеулікке шалдыққан пациентті диспансерлік науқастардың электрон регистріне (ЭРДБ) тіркейді. Мамандар оның денсаулығын тексеріп, бедеулік себептері анықталғаннан кейін емхана құжаттарды арнайы маманның қорытындысымен бірге Денсаулық сақтау басқармасындағы жоғары технологиялы операциялар жөніндегі арнайы комиссияға жолдайды.
Қосалқы репродуктив технологиялармен жұмыс істейтін клиниканы пациенттің өзі таңдайды. Комиссия тарапынан оң шешім қабылданған жағдайда Ауруханаға жатқызу бюросы порталына жолдама беріледі.
2024 жылы ЭКҰ-ға қанша қаржы қарастырылған?
Биыл еліміз бойынша 7000 квотаға қаржы қарастырылған. Соның ішінде, 3,8 миллиард теңге (3241 квота) Алматыға бөлінген.
ЭКҰ бағдарламасына қандай клиникалар қатысады?
Бүгінгі таңда Алматы қаласы бойынша Медициналық сақтандыру қорымен келісімшарт бекіткен 8 клиника жұмыс істейді. Клиникалардың тізімімен Қордың fms.kz ресми сайты арқылы танысуға болады.
Жасанды ұрықтандыру бағдарламасы 2020 жылдан бері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті арқылы қаржыландырылады. Бағдарламаға қатысқысы келетін пациент міндетті түрде сақтандырылған болуы шарт.
ЭКҰ бағдарламасына кімдер қатыса алады?
Экстракорпоральды ұрықтандыру процедурасының басты шарты - бедеуліктің терапевтік емдеуге келмейтін түрі. Бағдарламаға отбасылық жұптар ғана емес, ресми некеге тұрмаған жұптар да қатыса алады. Мұндай жағдайда екі жақтың өзара жазбаша келісімі қажет.
Денсаулық сақтау министрлігінің ЭКО жасау тәртібі жөнінде арнайы бұйрығында жасанды ұрықтандыру процедурасына іріктеуге қойылатын талаптар көрсетілген. Мәселен, процедураға жасы 18 бен 42 аралығындағы, соматикалық, эндокриндік статусы қалыпты жағдайдағы пациенттер (Қазақстан азаматтары) қатыса алады. Әйелдің антимюллер гормоны (АМГ) 1,0 нанограмм/миллилитрден төмен болмауы шарт, фолликулостимуляциялық гормоны (ФСГ) 12-ден аспауы тиіс (циклдің 2-5 күндері), антральдық фолликулдың жалпы саны 6-дан (циклдің 2-5 күндері) кем болмауы керек.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз