• 502.15
  • 490.7
  • 5.71

МӘМС 2031 жылдан бастап міндеттемелерін орындай алмайды - Жоғары аудиторлық палата

 МӘМС 2031 жылдан бастап міндеттемелерін орындай алмайды - Жоғары аудиторлық палата
Фото: Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Іске асырылып жатқан жүйе бойынша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жыл сайынғы кірістері 2026 жылға қарай шығындардан асып түскен. Ал 2031 жылдан бастап қор өз міндеттемелерін орындай алмайды. Бұл туралы Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі Нұрлан Нұржанов мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Денсаулық сақтау жүйесіндегі шығыстар құрылымында тегін кепілдендірілген медициналық көмек пен медициналық сақтандыруды қоса алғанда, республикалық бюджеттің шығыстары 2022 жылы 1,7 трлн теңгені құрап, барлық шығындардың 78%-ын қамтыды. 2023 жылы бұл көрсеткіш 2 трлн теңгеге жетіп, шығындардың 76%-ын құрады," – деді Нұржанов.

Аудит нәтижелері Қор активтерінің тұрақты өсіп отырғанын көрсеткенімен, қаржылық моделіндегі бірқатар кемшіліктер де анықталған.

Қор қаржылық моделінің мәселелері

Қор активтерінің түсімі 2022 жылы 1,2 трлн теңгені құрап, 960,7 млрд теңгесі пайдаланылған. Ал 2023 жылы түсімдер 1,4 трлн теңгеге дейін ұлғайғанымен, оның 1 трлн теңгесі ғана пайдаланылған.

"Инвестициялық табыс 2022 жылы 66,7 млрд теңгеден 2023 жылы 113,4 млрд теңгеге дейін өскен. Дегенмен, қаржы моделінде демографиялық болжамның орнына халықтың орташа өсімі қолданылып, инвестициялық табысты есептеу кезінде сыйақы мөлшерлемесі төмендетіліп көрсетілген. Аудиттің қорытындысы бойынша 2022-2023 жылдарға арналған қаржы моделінің кіріс және шығыс бөлігі жалпы көлемі 351,1 млрд теңгеге дұрыс қалыптастырылмағаны анықталды",-деді аудиторлық палатаның өкілі.

Мониторинг және медициналық қызмет сапасы

Аудит нәтижелері Қор тарапынан медициналық қызметтердің сапасы мен көлеміне мониторингтің тиісті деңгейде жүргізілмейтінін көрсетті.

  • Астанадағы "Салауатты Астана" және "Шипагер" медициналық ұйымдарында тиісті ғимараттар мен жабдықтардың жоқтығы анықталған.
  • Медициналық ұйымдарда лицензиялардың болмауы, санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылуы және мүгедектерге арналған жағдайдың жасалмауы сияқты фактілер тіркелген.
  • Қормен шарт жасасқан кейбір медициналық ұйымдарда төсек-орын саны асыра мәлімделген.
    Қордың болашағы мен тұрақтылығы.

Нұрлан Нұржановтың айтуынша, қазіргі қолданыстағы қаржы моделі бойынша 2026 жылдан бастап шығындар кірістерден асып түседі, ал 2031 жылы қор өз міндеттемелерін толық орындай алмайды. Бұл медициналық сақтандыру жүйесіне түбегейлі өзгерістер қажет екенін көрсетеді.

Айта кетейік, МӘМС-жүйесіне қазақстандықтардың көңілі толмайтының Мәжіліс спикерінің орынбасары Дания Еспаева да атап өтті. Ал, Аймағамбетов МӘМС-ті түбі тесік қайыққа теңеді. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

А. Бақдаулет