- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Мамау деп жылады"....
"Мамау деп жылады". Қапшағайлық Данияр Маратұлы суға батқан 12 адамды қалай құтқарғанын айтты
Әр күні ерлікке пара-пар қызмет. Қонаев қаласында жұмыс істейтін құтқарушы Данияр Қызылбөріков туралы дәл осылай айтуға болады. Ол Қапшағай су айдынында шомылып жүріп, суға батқа жандарды ажалдан арашалап қалған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оқиға бес жыл бұрын болған. 2018 жылы шілденің 15 күні жедел құтқару жасағының құтқарушысы Данияр Қызылбөріков әріптесімен күнделікті жұмыста жүрді. Қайықпен жағалаудағы жағдайды қадағалап, барлайды. Жағадан ұзап кеткен бір топ адамның жанұшыра қол сермеп жатқанын көріп, дереу көмекке жетеді. Көп ойланбастан бойларын үрей мен қорқыныш билеген, әлі кеткен жандарды бірінен соң бірін жағаға шығарады.
"Екпіні қатты жел соғып, толқындар тулады. Толқындардың биіктігі бір метрге жетті. Ауа райы бұзылғанда суға түспеген абзал. Бірақ демалушылар толқынға секіріп ойнап, шұңқырға түсіп кеткен. Біз қайықпен дереу жетіп, киімшең суға сүңгідік. Адамның бетіне қарайтын уақыт та болған жоқ. Барлығы жастар. Екі қыз, үш жігіт. Есімде қалған сәт суға тұншыққан қызды шығарып жатқан кезде "мамау" деп жылағаны болды", - дейді Данияр
Құтқарушылық - қауіп-қатері көп қызмет. Бірақ абыройлы міндет. Данияр Маратұлы жұмыс істейтін мекеменің мамандары әрдайым от пен судың, ыстық пен суықтың, ажал мен адамның арасында жүреді. Тілсіз жаумен күреске әрдайым бірінші болып жетеді. Ол жыл басында Түрген тау шатқалында қар құрсауында қалған қырықтан аса көлікті құтқару операциясына белсенді қатысты. Ісін адал атқаратын азамат Қапшағайда он шақты адамның жанын арашалап қалған әрекетін ерлік емес, міндет деп санайды.
Бүгінде ол жан жары Арайлыммен үш ұл өсіріп, тәрбиелеп отыр.
"Ұлдарыма адал болуды, шындық жолынан таймауды үйретемін. Жігіт адамға ең бастысы өмірлік ұстаным керек. Уәдесіне берік, ісіне мығым адам ғана мықты азамат болады", - дейді құтқарушы.
Қазір Данияр Қызылбөріков Алматы облыстық ТЖД Жедел құтқару жасағындағы жұмысын жалғастырып жатыр. Алайда осы уақытқа дейін ешқандай марапатқа ұсынылмапты.
Саламат Сабыр
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы