- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Мамандығын дұрыс таңдамайтындар...
"Мамандығын дұрыс таңдамайтындар өте көп". Профориентолог мектеп бітірушілерге кеңес айтты
Жыл сайын ҰБТ форматы түрлі өзгеріске ұшырап жатыр. Алайда, өз мамандығы бойынша жұмыс істемейтіндердің статистикасы артып келеді. Massaget.kz тілшісі профориентолог Жадыра Тойбайдан сұраныстағы мамандықтар мен мамандық таңдауда нені ескеру керектігі туралы сұрады.
"Мамандық таңдаудан қателескендер көп"
Профориентолог Жадыра Тойбай бұл салада бірнеше жылдан бері қызмет етіп келеді. Кәсіби маман ҰБТ-дағы соңғы өзгерістер оқушылар үшін оң екенін атап өтті.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Көптеген оқушылар ҰБТ-ға қатысудан бас тартып жатады. Осыған байланысты балалардың тестке психологиялық тұрғыда дайын болмауының алдын алу мақсатында ҰБТ форматына оң өзгерістер енгізілуде. Мәселен, бұрын жыл бойына бір рет сынақ тапсыратын болса, қазір 4-5 рет тапсыруға болады. 1-2 жауабы бар сұрақтар қосылды, сәйкесінше сол сұрақтарға да балл қосылады. Сондай-ақ, белгілі бір мамандықтар бойынша шекті баллдар бар. Мұның бәрі балалардың өз мамандығы бойынша оқуға түсуіне итермелейді. Сонымен қатар, ҰБТ-ға тиянақты дайындалуға және оқуға түсуге бірнеше мүмкіндік тудырып отыр деп айтар едім", - деді ол.
Оның айтуынша, қазіргі таңда мамандық таңдаудан қателескендер саны 70 пайыздан жоғары.
"Мамандығын дұрыс таңдамағандардың статистикасынан шошуға болады. Елімізде мамандығын дұрыс таңдамайтындар өте көп. Елімізде мамандықтарға мыңдаған гранттар бөлініп жатыр. Соған балалар оқуға түскенімен не аяқтап шықпайды, оқып шықса да сол салада жұмыс істемейді. Яғни дипломы бар, жұмысы жоқ мамандар көп. Осылардың алдын алу мақсатында мектептерде профориентологтар оқушыларға мамандықтың маңыздылығын түсіндіріп жатыр", - деді ол.
"Қабілетіне сай мамандыққа бейімдеу керек"
Оқушылар көбінесе өзіне сай мамандық таңдаудан гөрі ҰБТ-ға дайындықты басты назарда ұстайтын болған.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Негізінен бала қабілетіне сай қандай мамандыққа баратынын таңдау керек. Ал профориентация саласы мамандық таңдауға көмектеседі. Көптеген ата-аналар, оқушылар бұған салғырт қарап жатады. Мамандықты дұрыс таңдау адам өмірінің 3/1 бөлігін құрайды. Яғни адам өмірінде 24 сағат демалатын болса, соның 8 сағатын ұйықтап, 8 сағатын жұмыста өткізеді. Сол үшін бұл саланың пайдасы зор", - деді ол.
Кәсіби маман баланы 7-сыныптан бастап мамандық таңдасуға бейімдеу керек екенін айтты.
"Баланы өзінің қабілетіне сай келетін мамандыққа қарай бейімдеу керек. Бізде спорттық, гуманитарлық, жаратылыстану бағыттары, өнер саласы бойынша мектептер бар. Оқушы 10-11 сыныпқа келген кезде мамандығын таңдап бастайды. Бірақ біз 7-сыныптан бастап баланы қабілетіне қарай бейімдеуміз керек. 10-сыныпқа келгенде нақты қай мамандыққа баратынын білу керек. Себебі екі жыл сол мамандық бойынша ҰБТ-ға дайындалады. Кейбір адамдар жасының бел ортасына келгенде жұмысын ауыстырып жатады. Бұл да дұрыс шешім. Шаршап, қызықсыз жұмыс істегенше, ұнайтын мамандықта оқып, сүйікті ісімен айналысу керемет әсер береді. Денсаулығы да жақсы болады", - деді ол.
"Саны көп, сапа жоқ"
Жадыра Тойбай қазіргі таңда профориентация саласына сұраныстың артқанын атап өтті.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Профориентация саласы бұрыннан бар. Соңғы жылдары ғана таныла бастады. Қазіргі таңда баласының қабілетіне сай мамандық таңдайтын ата-аналар көбейе бастады. Себебі көп балалар мамандық өзіне сай келмейтінін, ұнамайтынын түсініп, оқуды тастап кетіп жатыр. Бұл гранттың дұрыс игерілмеуі, ата-ана үшін баласының қатардан қалып қоюы деген мәселелерге әкеп соқтырады. Осының бәрінің шешімі профориентацияға келіп тіреледі", - деді ол.
Профориентологтардың саны көбейіп келеді, бірақ сапа аз. Көпшілігі бұл мамандықты грантқа оқуға түсіру, сол бойынша ақпарат беру бойынша деп шектеп алған.
"Ересек адамдардың мамандығын ауыстыруы - кезінде дұрыс мамандық таңдамауынан болып отыр. Көбінесе ата-аналар балаларына мамандық таңдап береді. Сол қалаумен балалар өзіне керек емес мамандықтарды оқып жатады. Профориентологқа келетіндер көбіне өз мамандығын жақсы көрмейтін ата-аналар. Олар өз балаларының сондай жолға түскенін қаламағандықтан бізден консультация алады", -деді ол.
"Мамандықты тест тапсыру арқылы анықтаймыз"
Жадыра Тойбай мамандық таңдауда 140 сұрақтан тұратын авторлық тест құрастырған.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Бұл тестті оқушы онлайн, телефонмен 15-20 минут ішінде тапсырады. Тек бір-ақ рет тапсыруға мүмкіндік бар. Тест нәтижесінде баланың қабідетіне сай келетін 5 мамандық шығады. Соның ішінде балаға нақты қай мамандық жақын екенін анықтау үшін арнайы сауалнама өтеді. Сауалнамада 3 түрлі бағыт, баланың психологиялық портреті, карьераға деген мотивациясы және интеллектісі анықталады. Соңында сол балаға сәйкес келетін нақты мамандық шығады", - деді ол.
Кәсіби проферионтологтың айтуынша, қазіргі таңда балалар екі түрлі саладағы мамандықтарға қызығады.
"Алғашқысы сұраныстағы мамандықтар, екіншісі гранты көп мамандықтар. Ал негізі сұраныстағы маман болуға талпыну керек. Статистика бойынша сұраныстағы мамандықтар жыл сайын жаңарып отырады. Бүгінде сұраныстан кетіп жатқан мамандықтың бірі - туризм. Туризм таңдау үшін география мен ағылшын тілін білу маңызды. Ал ағылшын тілін білген бала халықаралық қатынастар, аударма ісі мамандықтарына барғысы келеді. "Туризм болашақта онлайн болады" деген әңгімелер шыққаннан соң балалар көп қызықпайды. Сондай-ақ, "Мейрамхана ісі" деген мамандыққа қазақтың балалары қызықпайды. Құрылыс, ауыл шаруашылығы, ветеринария, балық шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы салалары да қалыс қалып жатыр деп айтар едім. Қазіргі таңда ақпараттық технологиялар, маркетинг, медицина, педагогика, бизнес және менеджмент мамандықтарын мектеп бітіруші түлектер жиі таңдайды", - деді ол
"Gallup тест әдісін құптаймын"
Профориентолог мамандық таңдауда Gallup тест тапсыру әдісінің ерекшелігін айтты.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Gallup тест тапсыру әдісін құптаймын. Ол жерде ересек адамдар мықты және әлсіз тұстарын біліп алады. Бұл компанияның алға өрлеуіне әсер етеді. Әр қызметкерді сол тестті тапсырса, компания екі есе алға өрлейді", - деді ол.
Кәсіби маман ата-аналарға ақыл-кеңесін айтты.
"Ата-ананың баласының мамандық таңдауына әсері мол. Көпшілігі "жақсылық ойлап жатырмын" деп балаға түрлі мамандықтарды таңдатып жатады. Сондықтан, ата аналарға баланың жеке тұлға екенін айтқым келеді. Ата-ана баланың қабілеттерін анықтау, соған сай мамандыққа бағыттауы тиіс. Бала таңдайтын мамандық ата-анаға ұнамауы мүмкін. Алайда баланың таңдауына мүмкіндік беру керек", - деді ол.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
А. Жайыққызы