- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Мамандар маймыл шешегі...
Мамандар маймыл шешегі кімдерге қауіпті екенін айтты
Маймыл шешегінің таралуы осал топтарға қауіп төндіреді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осындай мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды "Хабар 24".
Осал топқа балалар, жүкті әйелдер және иммунитеті төмен адамдар жатады. Бүгінде вирус Африкадан бөлек 50 елде анықталған. Сондай-ақ, ауру жұқтырғандар саны да артып келеді. ДДСҰ қызметкерлерінің сөзінше, тест санын көбейту қажет.
Маймыл шешегі - поксвирустар тұқымдасына жататын вирус. Ол алғаш рет 1958 жылы маймылдардан табылған. Құрылысы мен қасиеттері бойынша адамның шешек вирусына ұқсас.
Инкубация кезеңі 7-ден 19 күнге дейін созылады. Ауру жедел, кенет басталады, дене температурасы жоғарылайды, бас және бұлшық ет ауырады. Бас айналу, жүрек айну, құсу белгілері байқалады. Аурудың кейінгі динамикасы шешек белгілеріне ұқсас, жеңіл және орташа өтеді.
Аурудың 3, 4-күні алдымен бетте, сосын қолда бөртпе пайда болады, содан кейін денеге таралады. Бұл кезде науқастың жағдайы күрт нашарлайды, тахикардия пайда болады, тыныс алу жиілейді, қан қысымы төмендейді, содан кейін науқастың жағдайы бірте-бірте жақсарады. Аурудың жеңіл түрлері де байқалуы мүмкін, онда жалпы жағдай қалыпты болып қалады.
Еске салайық, бұған дейін маймыл шешегі қалай жұғатыны, белгілері қандай екені хабарланған болатын.
Ж. Қадыржанова