- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Мамандар Алматы облысының...
Мамандар Алматы облысының кей ауылдарында краннан ағатын суды тұтынбауға шақырды
Мамандар Алматы облысының кей ауылдарында краннан ағатын суды тұтынбауға шақырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Генетика және физиология институтының маманы Озада Хамдиева Алматы облысындағы суға жүргізілген тәжірибе қорытындысымен бөлісті. Оның айтуынша, Талғардағы бірнеше ауылда ауыз су улы химиялық препараттармен ластанған.
"Алматы облысындағы ауыз су мен бұлақ суын зерттедік. Бұлақ суымен мал суғарылған, алайда одан улы заттар табылды. Бұл сумен бақшаңызды суаруға болады, бірақ ішуге, күнделікті жағдайда пайдалануға болмайды. Суға пестицидтер (улы заттар - еск.) араласып кеткен, бұл адам денсаулығына әсер береді. Бір рет ішкеннен ештеңе болмайды, ал іше берсеңіз, денсаулығыңызға айтарлықтай кері әсерін тигізеді. Ауыз су көп жерде таза болған жоқ. Біз жүйеміз арқылы судың құрамын қарадық", – деді ол.
Маманның айтуынша, су қараусыз қалған пестицидтер қоймасының кесірінен ластанған.
"Бұл аумақта пестицидтің көне қоймалары болған. Олар қараусыз қалып, қирандыға айналған. Ал пестицид салынған қаптарды адамдар күнделікті өмірге пайдаланған, осылайша пестицид тарап кеткен. Бұл суға, ол ірі қараға, адамға өте береді. Қызылқайрат, Қаракестек, Үмбеталы, Белбұлақ, Амангелді ауылдарында краннан ағатын суда пестицид бары анықталды, сондықтан бұл ауылдарда краннан су ішуге болмайды", – деді ол.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
С. Бөлек