Түркістан облысында оқушы қызды өлтірген күдіктілерге қатысты жаңа деректер шығып жатыр. Төрткүл ауылындағы 9-сынып оқушысы Аружан Орынбайды сол мектепте оқитын 11-сынып оқушысы мен 19 жастағы ауылдасы 1 миллион теңге бермесең, жалаңаш фотоңды әлеуметтік желіге жариялаймыз деп бопсалаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Алайда мұндай қомақты соманы таба алмаған 15 жастағы қызды бірнеше рет пышақтап, денесін суға ағызып жіберген дейді туыстары.
Қазір күдіктілер қамалып, тергеу жүріп жатыр. Алайда марқұмның туыстары олар жазадан құтылып кете ме қорқады. Себебі ұсталғандардың бірі экс-әкімнің ұлы болса, екінші күдікті ауқатты отбасынан шыққан.
Марқұм Аружанның үйден соңғы мәрте шыққаны көрші үйдің қорасына қойылған бейнекамераға түсіп қалған. Түнгі сағат 12 шамасында әлдекіммен телефонмен сөйлесіп елеңдеген қыз арықты бойлап жүреді. Ал ертесіне 15 жастағы қыздың денесі бұл жерден бірер шақырым жердегі арықтың ішінен табылған.
Әжесі оның кісі қолынан өлгеніне сенімді. Себебі үйдің іргесіндегі арықтың маңы әбден қан болған. Өзіне қол салғандай қылған күдіктілер қылмысын жасыру үшін жарақат алған қызды суға тастаған дейді.
"Дыбысы шықпасын деп, бүйтіп кигізіп тұрған да, жаңағы 11-сыныптың баласы қолын артқа ұстап тұрған. Қайырып, анау пышақты екі рет ұрған. Одан кейін қыз құлағаннан кейін, анау балаға: "Қане, сен қолын кес" деген, 11-сыныптағыға. Одан кейін ол қолын кескен. Арықтың жағасында қан деген көл көсір", - дейді марқұмның әжесі Құрманкүл Салқынбекова.
Қызды өлтірді деген екі күдікті ұсталды. Оның бірі 19 жастағы ауылдасы болса, екіншісі - Аружан оқыған Төрткүл мектебінің 11-сынып оқушысы. Қара жамылған отбасы олар қыздың жалаңаш фотосын жалпыға жарияламас үшін 1 миллион теңге сұрағанын айтады.
"Соңғы мәрте, алтысында қызым менен ақша сұрады. Сосын "Әкеңнен сұрашы" деген едім, "Мама, сіздер ондай ақшаны тауып бере алмайсыздар" деді. Сөйтіп менің қызымның әдеті бар, күліп ойнайтын, сосын, "Неғыласың ол ақшаны?" деп қайта-қайта сұрап едім, "Мама, мен шетелге кетем" деді. Міне, шетелге кетті ғой. Осы екі бала бопсалаған. “Ақша бермесең, масқараңды шығарам, сенің суретіңді шығарам” деген", - дейді марқұмның анасы Динара Зілғараева.
Ал мектептегілер марқұм Аружан мен күдікті ретінде ұсталған 11-сынып оқушысын тек жақсы жағынан білетінбіз дейді. Мұғалімдер күдіктінің жуас болғанын айтқан.
"Ешқандай аутодеструктивті мінезқұлық ол баланың бойынан табылмаған. Сауалнама қорытындысы бойынша ол өзі сәл қорқақтау бала, қаттырақ сөйлесең, жылап қалатын, сондай бала, одан бір қылмыс шығады деп біз мүлдем ойламадық", - дейді Төрткүл орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қанат Коспанов.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!