Қарағанды облысының Абай ауданына қарасты Құлайғыр ауылында 102 жастағы қария тұрады. Ғасыр жасаған Сәбилә Орманбаева ешқашан еңбектен қашпаған. Әжей әлі күнге дейін іс тігеді, көрпе көктеп, ұршық иіреді, тіпті, ауланың қарын да күрейді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Қазақстан" телеарнасына сілтеме жасап.
Ауладағы қарды күрегенде кейуана бір бой жазып қалады. Аязды күндері жеңіл киінеді. Оның айтуынша, бұл адамды шынықтырып, қимыл-қозғалысын ширатады. Үйде де қарап отырмайды. Ол қолы қалт етсе, іс тігеді.
Есту қабілеті аздап нашарлағанымен, әжейдің көзі жақсы көреді. Ол ұршық иіріп, шөберелеріне шұлық тоқиды. Күнделікті ермегі осы. Тіпті, инені де өзі сабақтап, көзәйнексіз көрпе көктейді.
"Ауырғаным жоқ. Сол 35 жыл жұмыс істегенде бір күн ауруханаға барып, екпе алған жоқпын. Екпеден қорқамын. Ал дәріні ішемін, жаныма батқан кезде қазір ішемін", - дейді Құлайғыр ауылының тұрғыны Сәбилә Орманбаева.
Кейуана еңбекке ерте араласып, қара жұмыстың қазанында қайнаған. Небәрі 17 жасында сауыншы болып, кейін құрылыста істеген. Ол 9 баламен жесір қалып, барлығын жеткізген. Әжей 35 жыл абыройлы еңбек етіп, зейнетке шығады. Ол "осы уақытқа дейін тың жүрсем, сол тынымсыз тірліктің арқасы" дейді. Еңбекқор жанды ауылдағы ағайын да құрметтеп, үлгі ұтады.
"Менің осы ауылда тұрғаныма 60 жылға жуықтады. Содан бері көршіміз. Ол кісі - өте ширақ адам. Үнемі қозғалыста. Өмір бойы қара жұмыс істеді. Қазір де қарап жатпайды. Сиырды өзі сауады. Бұзауларды суарып жүреді. Тіпті, жазда малды өріске де өзі айдайды", - Құлайғыр ауылының тұрғыны Анна Вимова.
Көпті көрген сүйегі асыл кейуана 9 баладан 25 немере, 6 шөбере сүйп отыр. Шөпшектің қолынан су ішсем дейді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!