- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Малдан да маза...
"Малдан да маза кетті". ШҚО-да ауыл тұрғындары маса-шіркейдің зардабын тартып отыр
Әлеуметтік желілерде Боран, Қалжыр ауылдарында адамнан асып, төрт түлікке қырғидай тиген масаның қаптағаны туралы түрлі бейнежазбалар тараған болатын. Жергілікті билік мұның шешімін табу үшін ғылыми тұрғыда зерттеу қажетін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тұрғындардың айтуынша, маусымнан қыркүйекке дейін тыныштық жоқ. Шіркей шағатын кез бір айға созылса, маса температура төмендегенше толастамайды.
"Кеңес үкіметі кезінде әр жылы уақытымен толыққанды улап отырған. Бертінге дейін соның уытымен тұрды. Қазір картопқа жабысқан қоңызды улағандай, арқасына әлденені іліп алып у шашып жатады. Қалжыр өзенінің бойынан Боран ауылына дейін шамамен 30 шақырымдай. Сонда осынша аралық ала жаздай шаққыштардан арылмайды. Адам тұрмақ, малдан да маза кетті", - деді борандықтар.
Қалжыр ауылының тумасы Ерәділ Қинаятовтың сөзінше, шілде-тамыз айларында қалың ағашқа жақындаудың өзі "нәубет". Жылда бөлінетін 20 миллион теңге жұртты діңкелетіп біткен мәселені шешу үшін жеткіліксіз.
"Ең дұрысы, олар қаптамай тұрып, яғни мамырдың аяғына қуатты деген уды шашып, дернәсілі өспей тұрғанда құртқан жөн. Әйтпесе, еліміздегі мықты деген ғалымдарды шақырту керек. Боран - Қалжыр өзенінің бойында орын тепкен ауыл. Шаққыштардың жылда қаптауы да содан. Тұрғындар үйлерінен шығудан қалды", - деді Ерәділ Қинаятов.
Жуықта аудан басшысы Алмат Ақышов бұл бағытқа биыл 40 миллион теңге бөлінді деп айтқан болатын. Соманы мемлекеттік сатып алуға шығарарда университет ғалымдарымен кеңескен.
"Бұл ғылыми зерттеуді қажет ететін тақырып. Боранның масадан тазарған кезі жоқ қой деймін. Ертіс деңгейінің түсіп кетуі шіркейдің қаптауына тіптен қолайды болды. 40 миллион теңгені Зайсан ауданындағы бір компания ұтып, өзіне тиесілі жұмысын атқарып жүр. Аудан көлемі үлкен екенін ескеруіміз керек. Шығыс Қазақстан облысының төрттен бір бөлігін алады. Маса Боран мен Қалжырдан бөлек, Күршімде де, Марқкөлде де көп. Бұл үшін ұшақ керек пе, әлде жаяу аралап себу керек пе, әрекет кезең-кезеңімен жалғасуға тиіс, - деді Алмат Талғатұлы.
Жауапты тұлға жуықта мәслихат сессиясында маса-шіркейден құтылу үшін тың ұсыныс тастағанын айтты. Оның айтуынша, қандай да бір ғылыми-зерттеу институтының қорытындысын алып, соның негізінде қаржы бөлу керек.
Асыл Бигелді
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек