Малайзияның бұрынғы премьер-министрі 15 жылға сотталды

Малайзияның бұрынғы премьер-министрі 15 жылға сотталды
Фото: ЕРА

Малайзияның бұрынғы премьер-министрі Наджиб Разақ ақшаны жылыстату және қызмет бабын асыра пайдалану бойынша кінәлі деп танылып, мемлекеттік 1Malaysia Development Berhad (1MDB) инвестициялық қоры төңірегіндегі ауқымды қаржы жымқыру ісі бойынша 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол бұл қордың тең құрылтайшыларының бірі болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Euronews-ке сілтеме жасап.

Материалда экс-премьерге 2,8 миллиард еуро көлемінде айыппұл салынғаны да нақтыланады.

Бұл - 1MDB қорымен байланысты, ірі сыбайлас жемқорлық дауына қатысты Разаққа шығарылған екінші даулы үкім. Ол бұған дейін де осы қорға қатысты басқа үкім бойынша түрмеде отырған.

Тергеу дерегінше, жүздеген миллион еуро Разақтың жеке банк шоттарына түскен. Ал оның қорғаушылары экс-премьердің алаяқтықтың құрбаны болғанын, сондай-ақ, қаражат Сауд Арабиясынан "саяси қайырымдылық" ретінде түскенін алға тартқан.

Алайда Куала-Лумпурдың Жоғарғы соты бұрынғы премьердің барлық транзакциядан хабардар болғанын растайтын бұлтартпас дәлелдер бар екенін мәлімдеді.

Малайзияның негізін қалаушылардың бірі саналатын тұлғаның ұлы Разақ өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарады. Оның айтуынша, өзін Лоу Тхэк Чжо бастаған жосықсыз қаржыгерлер алдап соққан. Ал Лоу әлі күнге дейін бостандықта жүр.

Судья Коллин Лоуренс Секерах Разақтың Сауд Арабиясының "қайырымдылығы" туралы уәжін "сенімді дәлел ретінде қабылдауға болмайды" деді. Судьяның айтуынша, саудиялық донордан келді делінген төрт хат қолдан жасалған, ал дәлелдер қаржының 1MDB қорынан түскенін көрсетеді.

Судья қорғау тарапының "экс-премьер 1MDB-дің бұрынғы шенеуніктері мен Лоудың алдауына түскен кінәсіз құрбан" деген тұжырымын да жоққа шығарды.

Куәлардың айғақтары Разақ пен Лоудың арасында "айқын әрі күмәнсіз байланыс" бар екенін көрсеткен. Соттың пайымынша, Лоу шенеунік үшін "сенімді адам, жол көрсетуші, делдал әрі барлық істі ұйымдастырушы" рөлін атқарған.

Сот Разақтың қомақты қаржының қайдан келгенін тексермегенін және Лоудың әрекеттеріне тосқауыл қоюдың орнына ақшаны өзі пайдаланып, позициясын сақтап қалуға тырысқанын айтты. Ол істі тергеген бас прокурорды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысын қызметтен шеттеткен.

Наджиб Разақ 2009–2018 жылдары премьер-министр болды және қызметке кіріскеннен кейін көп ұзамай 1MDB қорын құрды.

АҚШ Әділет министрлігінің мәліметінше, 2009–2014 жылдар аралығында қордың жоғары лауазымды менеджерлері мен олардың серіктестері қордан 4,1 миллиард еуродан астам қаржыны жымқырып, оны АҚШ, Сингапур және Швейцария арқылы жылыстатқан.

1MDB-ге қатысты қоғамдық ашу-ыза 2018 жылғы сайлауда Разақтың биліктегі партиясының жеңілуіне әкелді. Бұл партия Малайзияны 1957 жылы тәуелсіздік алғаннан бері басқарып келген.

2020 жылы экс-премьер 1MDB-дің бұрынғы бөлімшесі болған SRC International-ға қатысты қылмыстар үшін 12 жылға сотталған. Ол жазасын 2022 жылғы тамызда өтей бастады да, түрмеге қамалған Малайзияның тұңғыш бұрынғы көшбасшысына айналды. 2024 жылы Кешірім кеңесі жаза мерзімін екі есеге қысқартып, босату мерзімін 2028 жылғы тамызға белгіледі. Дегенмен жұмада шыққан жаңа үкім оның түрмеде отыру уақытын ұзартып жіберуі мүмкін.

Разақтың жұбайы Розмах Мансор 2022 жылы бөлек парақорлық ісі бойынша 10 жылға сотталып, апелляция қаралғанға дейін кепілмен босатылған.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget