- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Малайзияның 50 жетекші...
Малайзияның 50 жетекші компаниясы ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысады
Малайзияның баламалы энергетика саласындағы 50 жетекші компаниясы Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесінде өздерінің инновациялық құрылғыларын көрсететін болады. Бұл туралы Малайзия энергетика, жасыл технология және су ресурстары министрі Датук Сери Максимус Онгкили мәлімдеді, деп хабарлады Бейжіңдегі «ҚазАқпарат» ХАА-ның меншікті тілшісі.
«2017 жылы 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесінде Малайзияның 50 үздік индустрия өкілдері (баламалы энергетика саласында - ред.) ел инновациясын, жасыл энергетика мен технологиялардың үздік тәжірибесі мен мүмкіндіктерін көрсетеді», - деп, «Нұрлы жол» Қазақстан экономикасының өсуіне қозғаушы күш болады» атты материалында малайзиялық «Бернама» ақпарат агенттігі министрдің сөзін келтірді.
Малайзиялық министрдің пікірінше, ЭКСПО- 2017 Малайзия мен Қазақстанның екіжақты қарым-қатынасын нығайтуға (әсіресе, сауда саласында) септігін тигізеді. 2015 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 100 миллион доллар болған.
«Сонымен бірге, ЭКСПО шағын және орта бизнес компанияларын қосқанда, өнім өткізудің жаңа нарықтарын ашуда үлкен мүмкіндіктер туғызады», - деді ол.
Материалда ЭКСПО-2017 павильондарының құрылысы да «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты аясында көліктік инфрақұрылымның дамуы секілді, цементтік, металлургиялық, машина құрастыру және қазақстандық экономиканың өзге де салаларында мультипликативтік нәтиже көрсететіні ерекше атап өтілген.
Б. Қанатұлы