Малайзияда қазақстандық турист суға батып кеткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
The Star жергілікті басылымының мәліметінше, құтқарушылар қазақстандық туристі іздеп жатыр. Ол болжам бойынша, 5 қыркүйекте Кота-Кинабалу қаласындағы жағажайда суға батып кеткен.
Құтқару операциясын Кота-Кинабалу қаласының өрт сөндіру қызметінің 7 қызметкері жүргізіп жатыр. Ер адам тірі ме, әлде қайтыс болды ма - әзірге белгісіз.
"Туаран станциясының 7 қызметкері курорттан 12 шақырым жерден оқиға орнына келді. Хабар 8.19-да түсті", - деп жазылған The Star материалында.
Бұл дерекке қатысты Сыртқы істер министрлігі әзірге нақты дерек бермеді.
Еске салайық, бұған дейін 6 тамызда Таиландта 57 жастағы қазақстандық мерт болғанын хабарлаған едік.
Пхукетке демалуға келген 57 жастағы қазақстандық демалысының бірінші күні суға батып, мерт болды.
Таиландтық БАҚ өкілдерінің мәліметінше, оқиға 31 шілдеде Карон жағажайында болған. Полиция турист қонақ үйге орналасқаннан кейін теңізге қарай кеткенін айтады. Сағат 14.50-де тәртіп сақшыларына жедел жәрдемнен хабар түскен. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі қаза тапқан адам - қазақстандық екенін растады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!