Көлік полицейлері биыл пойыздар шұғыл тежелуіне қатысты 846 деректі тіркеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның 474-інде теміржол бойында мал жүруі себеп болған. Мұндай жағдайлар Қызылорда, Шу, Атырау және Семей станциялары маңында жиі кездеседі.
"Осындай оқиға 19 тамызда Ақмола облысындағы ОП-42 - Бабатай аралығында болды. Жүк пойызының машинисі теміржолда мал жүргенін байқап, дереу шұғыл тежегішті іске қосты. Алайда қабылданған шараларға қарамастан, оқиғаның алдын алу мүмкін болмады. Соның салдарынан пойыз 5 бас малды қағып кетті", - деді Көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары Құрмет Мәжікенов.
Тексеріс барысында малдың иесі анықталған. Ол - Ақмола облысының 63 жастағы тұрғыны.
Теміржолдың бөлінген жолағында мал жаю қағидаларын бұзғаны үшін азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова