"Мал қораға айналды". Алматы облысындағы Ынтымақ ауылында Мәдениет үйі жоқ

"Мал қораға айналды". Алматы облысындағы Ынтымақ ауылында Мәдениет үйі жоқ
Фото: Автордан

Алматы облысындағы Ынтымақ ауылында Мәдениет үйі жоқ. Ал Кеңес үкіметі кезінде салынған ескі ғимараттың қабырғасы қирап, қаңырап бос тұр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Үш мыңнан аса халық тұратын Ынтымақ ауылындағы Мәдениет үйінің қазіргі ахуалы дәл осындай. Бұрын бұл ауылдық клуб болатын.  Оншақты адам жұмыс істеген. Кино көрсетілетін. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында клуб жұмысын тоқтатып, есігіне құлып салынды. Сөйтіп көп жыл бос тұрды. Кейін есігі де бұзылып, іші тоналды.

"Бұл бүкіл ауыл тұрғындары жиналып, ән айтып, би билейтін, концерт қойылтатын орын еді. Алматыдан келетін белгілі әншілердің өнерін осы клубта талай тамашаладық. Бірақ кейін жағдайы осылай болды. Қазір ауылдың ажарын кетіріп тұр. Ғимаратты түгел бұзып, орнына жаңасын салу керек. Ауылға Мәдениет үйі керек", - дейді ауыл ақсақалы Иса Камалов.

Ғимарат қабырғасы сетінеп, сылағы түсіп жатыр. Ашық-шашық қалғандықтан ішіне мал кіреді. Нағыз қора болып кеткен. Жанында "Ұлы Отан соғысында құрбан болған ауыл азаматтарына" арналған ескеткіш тұр. Оның да жағдайы аянышты ақ. Сыры кетіп, мүсінің әр жері бүлінген. Ол да қараусыз. Ешкімге керегі жоқ күйде.

"Біздің ауылда өнерлі бала көп. Солардың шығармашылығын дамытатын, өнерге баулитын  Мәдениет үйі қажет. Ал ескі клубты қайта жөндеуге ешкімнің құлқы жоқ. Жекешелендіру кезінде  жерімен бірге сатылып кеткен деген сөз бар. Бірақ ол кімдікі екенін ешкім білмейді. Бұл мәселені аудан әкімдігіне талай айттық. Жылда жоспарда бар деген жауапта басқа айтарлары жоқ", - дейді ауыл тұрғыны Ирина Сейітхан.

Ал Жамбыл аудандық әкімдігі құрылыс бөлімінің мәліметінше, Ынтымақ ауылында Мәдениет үйін салу жобасы бір жыл бұрын жасалыпты. Ол үшін ауыл іргесінен 1 гектарға жуық жер бөлінген. Жобалық сметалық құны әзір. Енді бюджеттен қаражат бөлуіну керек. Бірақ құрылыс қашан басталары әзірге белгісіз.

Саламат Сабыр

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Massaget.kz