Әлеуметтік желіде Алматы облысында орналасқан балалар лагерінің жай-күйі жұрттың наразылығын туғызды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Журналист Сандуғаш Дүйсенова Facebook желісіндегі парақшасында Алматы облысында орналасқан лагерьлердің бірінің суретін жариялады.
"Көпбалалы аналар жіберді. Олардың сөзінше, Қонаев қаласында (Алматы облысы) орналасқан "Бәйтерек" балалар лагері", - деп жазды журналист парақшасында.
Кадрлардан төсек-орындарының бір-біріне қосылып тұрғаны, бөлменің қабырғаларының сылақтары түсіп қалғаны көрінеді. Бұл ақпарат өзге де әлеуметтік желілерде тарап, халықтың наразылығын туғызған. Тіпті кейбіреулер 40 жылдай бұрын жатқан студент кезіндегі төсегін еске алған.
"Малқора бұдан жақсы көрінеді", "Сұмдық", "Мынау енді сұмдық екен", "63 жастамын, мұндай төсекке бізді студент кезде мақта жинауға жібергенде жаттым, біз сонда наразы болатын едік", "Миллиардтар тағы біреудің қалтасына кетті десей", "Мынаған қарағанда менің итімнің үйшігі әдемі сияқты ғой, ішінде кондиционер бар", "Балаға келгенде де үнемдеп, жымқырып қалады", - деп жазған Желідегілер.
Бұл ақпаратқа қатысты Алматы облыстық білім басқармасы өкілі жауап берді. Желіде дау туғызған лагерь Алматы облысы Қонаев қаласының сол жағалауында "Текелі" демалыс аймағында орналасқан.
Ал ведомство мәліметінше, демалыста Жетісу облысының балалары болған.
"19 шілдеде жекеменшік "Бәйтерек" лагеріне Қонаев қаласының білім бөлімі тарапынан мониторинг жұмыстары жүргізілді. Тексеріс барысында лагерьдің санитарлық-эпидемиологиялық сараптама рұқсаттары бар екені және Сарқанд қаласының оқушылары демалып жатқаны анықталды. Жекеменшік лагерьге бүгінгі күнге дейін Алматы облысының оқушылары бармағаны анықталды. 31 шілдеде 15.00-де облыстық прокуратура қызметкерлері тарапынан зерделеу жұмыстары жоспарланған", - делінген ведомство хабарламасында.
Еске салайық, бұған дейін де әлеуметтік желіде алматылық мектеп оқушылары балалар лагеріне тегін жолдамалар алғаны, бірақ сауна ғимаратына орналастырылғаны туралы хабар тарады.
Бұл туралы мектеп оқушыларының бірінің туысы Инка Рокеровна Facebook-парақшасында бөлісті. Оқиға Алматы облысы Ұзынағаш ауылында болған. Мұнда жазғы демалысты демалыс орнында өткізу үшін Алматыдан ондаған бала әкелінген. Алайда мектеп оқушылары жайлы жағдайдың орнына тар, желдетілмейтін бөлмелерге орналасқан. Сонымен қатар, лагерь сауна ішінде орналасқан, сыртында өзге ер адамдар жүрген.
Артынша Алматының Білім басқармасы лагерьмен соттасатыны белгілі болды. Сонымен қатар, депутат Нұргүл Тау Алматыдағы сауна ғимаратында орналасқан лагерьге мемлекеттен 107,8 миллион теңге бөлінгенін анықтады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!