Мал басына артық субсидия алған: Түркістан облысында 20 млн теңге қолды болған

Түркістан облысы Арыс ауданының прокуратурасы агроөнеркәсіп саласында жүргізген тексеріс нәтижесінде бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде жымқыру дерегін анықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жайы

"Ы" ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы 2021 жылғы сәуірде ақпараттық жүйеге кооператив атына 2470 бас аналық ірі қара малды жалға алғаны туралы жалған мәлімет, сондай-ақ, селекциялық жұмыстар жүргізу үшін 120 бас асыл тұқымды бұқаны жалға алғаны жөнінде ақпарат енгізген.  

Мемлекеттен кооперативтің банктегі есепшотына 24 700 000 теңге көлемінде субсидия қаржысы аударылған.  Алайда іс жүзінде селекциялық жұмыстар тек 18 бас асыл тұқымды бұқа және 450 бас аналық ірі қара малға жүргізіліп, заңсыз алынған субсидия сомасы 20 200 000 теңге болған.  

Сот шешімі

Прокуратура бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі 2) тармағы (аса ірі мөлшердегі алаяқтық) бойынша соталды тергеп-тексеру жүргізген.  

"Ы" ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы осы бап бойынша кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, оған 5 жыл мерзімге коммерциялық ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды.  

Заңсыз алынған қаражат толық көлемде өндіріліп, мемлекет кірісіне қайтарылды.  

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!