- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жазира Байырбекова
“Мал бақтырамыз деді“. Жазира Байырбекова келіндік өміріндегі қиындықтарын бөлісті
Танымал әнші Жазира Байырбекова келіндік өмірінің алғашқы жылдары көрген қиындықтары жайлы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. Бұл туралы әнші "Мамский әңгіме" бағдарламасына берген сұхбатында бөлісті.
"Бәріне шыдау керек деген ойдан арылдым"
Жазира Байырбекова тұрмысқа ерте шыққанын және алғашқы жылдары үлкен қиыншылықты бастан өткергенін айтты. Сондай-ақ қазір қол көтеруге көзқарасы өзгергенін айтты.
"Бұрын бәріне шыдау керек деген ойда болатынмын. Өзіміз ауылда жүрген кезде де бәріне көніп жүрдім. Бәріміз жұмыссыз жүрдік. "Жанболат пен Жазираға мал бақтыратын шығармыз" деді. Үлкендер не айтса сол болатын еді. Бізді анда жібереміз десе, сонда баратынбыз. "Туысқанның үйіне қонақ келеді, сол жаққа барып ыдыс-аяқ жуу керек" десе барып, көмектесетінбіз. "Асүйде ыдыс-аяқ жуып жүріп, қай ыдысты алып кетсем екен, қай көрпені алып кетеді екенмін, маған қай көрпені береді екен" деген ойда жүретінмін", - деді ол.
Осылайша ол қазір ойы өзгергенін, бәріне шыдау керек деген қағидадан арылғанын айтты.
"Күйеуі не істесе де, отбасын құрған соң бәріне шыдау керек деген ойда болдым. Бірақ қазір олай ойламаймын. Өмір бір-ақ рет беріледі. Егер дәм-тұзы жараспайтын болса, қол жұмсайтын болса, бір-бірін түсінбейтін, қолдамайтын болса, уақыт кетіріп керек емес деген тұжырымға келдім. Өйткені қоғамда болып жатқан біраз нәрселерді көрдім. Ер адамды қатты еркелетіп жіберген қоғамға айналғандаймыз", - деп қосты Жазира Байырбекова.
"Өлсем де мынандай жерде тұрмаймын деп айтуға болмайды"
Әнші кейін өткен өмірін есіне алып, баласына айтып бергенін, сабақ алғаны жайлы бөліскенін айтты.
"Кейін баламмен жолда кетіп бара жатып, мал бағып жүрген адам көрсем: "Балам, сен осындай мал бағып жүрген адамның баласы болуың да мүмкін еді" дедім. Өзіміздің емес, жұрттың малын бағып жүруіміз мүмкін еді. Сол себепті қазір "өлсем де, мынандай өмірге шыдамаймын", "өлсем де мынандай жерде тұрмаймын" деп айтуға болмайды. Алла басқа салғанда қалай көнгеніңді білмей қаласың", - деді ол журналист Айнұр Ілиясоваға.
Жазира Байырбекова - Қазақстанның танымал әншісі, өнер иесі. Ол қазақтың дәстүрлі музыкасын заманауи әуендермен үйлестіріп, ұлттық мәдениетімізді насихаттауда үлкен үлес қосып жүрген тұлға. Жазира көпшілікке жарымен бірге құрған "Жанболат пен Жазира" дуэті арқылы кеңінен танылды.
Еске салайық, бұған дейін әнші Жазира Байырбекова тағы да ана атанғысы келетінін, бұл шешімге келуге Баян Мақсатқызының шабыт сыйлағаны жайлы бөліскен болатын.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Д. Литпин