12 қазанда заң ғылымдарының докторы, профессор Мақсұт Нәрікбаев 75 жасында дүниеден озды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Ақпаратты ҚазГЗУ растады.
Мақсұт Нәрікбаев еңбек жолын 1959 жылы Қарметкомбинат құрылысында такелажшы болып бастады. Ол Прокуратура және ҚР Әділет министрлігінің аппараттарында жұмыс істеген. Прокуратура тергеушісінің стажеры, аға тергеуші, Талдықорған облыстық адвокаттар алқасының мүшесі, заңгерлік кеңестің меңгерушісі, халықтық сот төрешісі қызметтерін атқарған. 1995 жылдың қазанынан 1996 жылдың маусымына дейін ҚР Бас прокуроры, 1996 жылдың маусымынан 2000 жылдың қыркүйегіне дейін ҚР Жоғарғы сотының төрағасы болды. 2000 жылдың 28 шілдесінен бастап бүгінге дейін Қазақ гуманитарлық заң университеті ұжымын басқарды, директорлар кеңесінің төрағасы, ректор қызметтерін атқарды.
Айта кетейік, Мақсұт Нәрікбаев спортпен белсенді түрде айналысты. Ол 2014 жылдың маусымында, 74 жасында парашютпен секірді. 2015 жылдың сәуірінде оның қатерлі ісікке шалдыққаны белгілі болды.