“Мақсатымыз - алдын алу“: Түркістан облысында лудоманиямен күрес шаралары қалай жүргізіліп жатыр?

Лудомания – мемлекет деңгейінде күресуді қажет ететін, кезек күттірмейтін ең маңызды әрі өзекті мәселелердің бірі. Жыл сайын Қазақстанда ойынға елтіген көп адам сан соғып қалып жатыр. Мәселені шешу үшін жергілікті атқарушы органдар түрлі шаралар қабылдап, өскелең ұрпақ пен жас буынды ойынның өрмегінен құтқару үшін әртүрлі бағытта жобалар жасап жатыр. Мұның бір бағыты Түркістан облысында, облысқа қарасты қала, аудандарда да өз жалғасын тауып келеді.

Осы орайда Massaget.kz тілшісі Түркістан облысы Бәйдібек аудандық Жастар ресурстық орталығы КММ-нің басшысы Жамбыл Амангелдіұлы Көрікбаевпен сұхбаттасып, кейінгі жылдары аймақта лудоманиямен күрес мақсатында қандай шаралар жүзеге асырылғанын, алда қандай жоспарлар бар екенін сұрады.

– Ауданда лудоманиямен күрес шаралары қалай, қандай деңгейде жүзеге асырылып жатыр?

– Аудандық Жастар ресурстық орталығы КММ-нің жыл басында бекіткен жоспарында жастар мен жасөспірімдер арасында ойынқұмарлықтың алдын алу, жастардың бос уақытын тиімді пайдалану бағытында түрлі іс-шаралар қарастырылған. 2024 жылы сәуір айында аудандық деңгейде "Құмар ойын – қоғам дерті" атты тақырыпта пікірсайыс турнирі өткізілді.

– Шараның басты мақсаты мынадай – жастар арасында қандай да бір келеңсіз оқиғаларды болдырмау, оларды жаман әдет пен қазіргі замандағы кейбір зиян қылықтардан сақтандыру.

Осылайша, жас буынға қатысты өзекті мәселелерді алдын ала шешуді көздедік. Оған қоса мектеп оқушыларының бойында әдеп, тәрбие, мәдениет секілді негізгі құндылықтарды қалыптастырып, олардың елін сүйер ұлтжанды ұрпақ болуына септігімізді тигізгіміз келді. Бұл пікірсайыс тек осындай жақсы қасиеттерді бойға дарытуға ғана сеп болып қоймай, оқушылардың шаршы топта сөз сөйлеу қабілетін ұштауына, сыни ойлау, көшбасшылық қасиеттерін шыңдауына көмегін тигізді. Сондай-ақ білімді оқушылар мен білім беру нысандары арасында өзара байланыс қалыптастыру үшін бірнеше ауылдан командалар тартылды. Нәтижесінде, "Құмар ойын –!қоғам дерті" атты турнирге 11 ауыл бойынша 14 команда қатысып, өз бақтарын сынады.

– Турнир нәтижесі қандай болды? 

– Бұл турнир оқушыларды да ынталандырып, жақсы әсер сыйлады. Оған қоса оқушылар сыйлықтарға да ие болды. Мәселен, Боралдай ауылдық округіндегі Сарыбұлақ мектебі 1-орын иеленіп, 60 мың теңге көлемінде қаржылай сыйақыға ие болды. Боралдай ауылдық округінің С.Ерубаев атындағы жалпы білім беретін мектебі екінші орынға тұрақтап, 50 мың теңге көлемінде қаржылай сыйақыны қанжығасына байлады. Ал үшінші орынды Шаян ауылдық округіндегі С. Әбдіжаппаров атындағы мектеп-интернаты мен Шаян мектеп-лицейі иеленді. Олар 40 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақыға ие болды. Командадан бөлек, жеке оқушылар да марапатсыз қалмады. 

– М.Әуезов атындағы ІТ лицей мектебінен Жұмағали Шерхан "Үздік спикер" номинациясына ие болып, ақшалай сыйақы алды, ал С.Әбдіжаппаров атындағы мектеп-интернатының жетекшісі Түзубек Дархан "Үздік төреші" атағына ие болды.

– Аудан көлемінде лудоманиямен күрес мақсатында тағы қандай шаралар өткізілді, бұл шаралар тиімді нәтиже көрсетіп жатыр ма?

– Жыл басынан бері ауданға қарасты 11 ауылдық округте орналасқан 49 білім беру мекемелерінде "Лудомания – қоғам дерті" атты тақырыпта психолог А.Сқақова оқушылармен еркін тақырыпта пікір алысу жұмыстарын, арнайы сауалнамалар, семинар-тренинг жұмыстарын ұйымдастырды. Сонымен қатар психолог оқушыларға салауатты өмір салтын ұстанудың маңызын түсіндіріп, күйзелісті жеңу және өз өміріне жауапкершілікпен қарау бойынша нақты ұсыныстар берді. Алдағы уақытта бұл жұмыстар тұрақты түрде жалғасын табады.

– Жастар арасында лудоманияның алдын алу үшін нақты қандай жоспарларыңыз бар?

– Алға қойған нақты жоспарларымыз бар.

Мәселен:

1. Ауданда орналасқан барлық білім беретін мекемедегі педагог-психолог мамандармен бірлесіп, тәуелді жастар мен олардың туыстарына кәсіби көмек көрсету мақсатында жеке тәжірибе негізінде арнайы техникалар, әдіс-тәсілдер, тәжірибелік дағдыларды үйрету, оқу жылында кемі 2 рет пікір алысу сағаттарын ұйымдастыру.

2. Аудан жастарының бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында түрлі спорттық жарыстар мен интеллектуалды ойындар көп өткізу.

3. Жастардан айына 1 рет түрлі сауалнамалар, тестер алып, нәтижесін анықтап отыру. Нәтижесі бойынша тиісінше жұмыстар жүргізу.

Еске салайық, бұған дейін Түркістан облыстық Жастар ресурстық орталығы КММ-нің Талантты жастарды қолдау бөлімінің басшысы Ақтөре Мейіржанұлымен сұхбаттасып, өңірде лудоманияға қарсы күрес шаралары қалай атқарылып жатқанын сұраған едік. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз