Мақсатсыз жұмсалған, жымқырылған қыруар қаржы: Тоқаев ҚМА төрағасын қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Президентке агенттік қызметінің негізгі қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған міндеттері жөнінде баяндалды.

Жанат Элимановтың айтуынша, бюджет шығынына жүргізілген мониторинг кезінде мал шаруашылығы саласына бөлінген 30 миллиард теңге субсидияны тиімсіз пайдалану тәуекелі анықталған. Сондай-ақ, ғылыми зерттеулер мен ғылыми-техникалық нәтижелерді коммерцияландыруға бағытталған 10 миллиардтан аса теңгені мақсатсыз жұмсау белгілері айқындалды. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қаражатын жымқыру бойынша 14 соталды тергеу басталған, ал құрылыс саласында 5,3 миллиард теңгені заңсыз иемденбек болғандарға қатысты 21 қылмыстық іс қозғалды.

Мемлекет басшысына алаяқтық әрекеттердің алдын алу бойынша 17 қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылғаны және банктер мен байланыс операторларының атын жамылып, арнайы құрылғылар арқылы жаппай фишингтік SMS хабарламалар таратқан топ әшкереленгені жөнінде есеп берілді. Жалпы аудиториясы 25 мыңнан асатын 3,7 мың алаяқтық сайт және 22 чат жабылған. 400-ден аса жалған құрылыс компаниясының заңсыз түрде бірінші санаттағы лицензия алуына жол берілген жоқ.

Бұдан бөлек, қылмыстық жолмен келген табысты жылыстатуға қарсы күрес саласында атқарылған жұмыстар таныстырылды. Заңсыз схемаларда қолданылған дроп карталарға қатысты 14 соталды тергеу басталды, олардың есепшотындағы қаржының жалпы айналымы 13 миллиард теңгеден асқан. Көлеңкедегі тұлғаларға рәсімделген 68 мыңнан аса карта бұғатталған. Жалған компаниялар мен құжаттарды пайдалану бойынша 23 іс тіркелген, келтірілген залал - шамамен 13 миллиард теңге. Қаржы пирамидалары, онлайн казино және алаяқтықтан түскен табысты жылыстатумен айналысқан 3 жасырын криптоайырбастау қызметінің жолы кесілді.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы агенттіктің негізгі бағыттары бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!