Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына ұлттық мереке – Республика күніне орай шет мемлекеттердің басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен құттықтау хаттары келіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ақорданың хабарлауынша, Ресей Президенті Владимир Путин Мемлекет басшысын Республика күнімен құттықтап, елімізге табыс пен бақ-береке тіледі.
"Сіздің еліңіз әлеуметтік-экономикалық даму жолымен сенімді түрде ілгерілеп келеді. Сондай-ақ маңызды халықаралық мәселелерді шешуде өзінің елеулі үлесін қосып, әлемдік аренада зор беделге ие болып отыр. Ресей мен Қазақстан қатынастары жоғары деңгейде дамып келеді. Стратегиялық серіктестік пен одақтастық байланыстарды одан әрі нығайту, ТМД, Еуразиялық экономикалық одақ, ҰҚШҰ және ШЫҰ секілді ұйымдар аясындағы сындарлы ықпалдастықты кеңейту халықтарымыздың түпкі мүддесіне сай келеді", - делінген жеделхатта.
Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Қасым-Жомарт Тоқаевқа және достас Қазақстан халқына өзінің жүрекжарды лебізі мен ізгі тілегін жолдады. Ол соңғы жылдары Қазақстанда тұрақты экономикалық даму байқалатынын, еліміздің өңірлік және халықаралық істерде ықпалы күшейіп келе жатқанын атап өтті.
"Өзіңіз бастамашы болып, жүзеге асырып отырған Жаңа Қазақстан құру идеясы зор жетістікке жететініне сенімдімін. Сізбен бірге мәңгілік және жан-жақты стратегиялық серіктестікке негізделген қытай-қазақ қарым-қатынастарын жаңа деңгейге көтеру үшін күш салуға дайынмын", - деп жазды ҚХР Төрағасы.
Америка Құрама Штаттарының Президенті Джозеф Байден Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстан халқына жолдаған өзінің құттықтауында екі ел арасындағы ынтымақтастықты жоғары бағалаған.
"Қазақстан мен АҚШ-ты егемендікті, тәуелсіздікті және аумақтық тұтастықты сақтау жолындағы ортақ мүддеге негізделген серіктестік біріктіреді. Отыз жылдан астам уақыт бойы біз осы қағидаттарды сақтап, халықтарымыздың жарқын болашағын қалыптастыру үшін бірге әрекет етіп келеміз. Соңғы жылдары стратегиялық серіктестікті нығайтуға және барлық саладағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған жұмыс жүргіздік. Мен елдеріміз арасындағы байланыстарды одан әрі тереңдетуге ниеттімін", - деп жазылған Президент Байденнің құттықтау жеделхатында.
Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Королі III Чарльз Қазақстанмен арадағы достық қатынастар және екіжақты серіктестік одан әрі нығая беретініне сенім білдірді.
Франция Президенті Эмманюэль Макрон өзінің құттықтауында ұзақ жылдар бойғы екіжақты стратегиялық ынтымақтастықты дамытудың маңызды екенін атап өтті.
"Елдеріміз арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайту, энергетика, су ресурстары, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және шикізат салаларындағы серіктестікті дамыту үшін Қазақстанға жасайтын алдағы сапарымды асыға күтемін", - делінген жеделхатта.
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев өз құттықтауында Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жүргізіліп жатқан ауқымды және жүйелі реформалардың нәтижесінде заманауи Қазақстан тұрақты дамып келе жатқанын, ал оның өңірлік және жаһандық деңгейдегі өзекті бастамаларын халықаралық қоғамдастық лайықты мойындайтынын атап өткен.
Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстанды құру жөніндегі бастамасын қазақ халқы ұдайы қолдайтынын айтқан. Сонымен қатар ол одақтастық қатынастардың қазіргі оң динамикасы екіжақты ынтымақтастықты дамыту бағытында ауқымды жоспар құруға мүмкіндік беретінін жеткізген.
Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон Қазақстанның саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және қоғам өмірінің басқа да салаларында қол жеткізген толайым табыстарын жоғары бағалады.
Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов пен Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов тату көршілік, өзара құрмет пен сенім қағидаттарына негізделген екіжақты қарым-қатынасқа ерекше назар аударған.
Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев өз жеделхатында бауырластық пен өзара сенімге негізделген тарихи тамыры терең әзербайжан-қазақ қарым-қатынасын жан-жақты дамытуға баса мән беретінін жазған.
Беларусь Президенті Александр Лукашенко құттықтау хатында Қазақстанның егемендік пен аумақтық тұтастықты нығайту үшін жүзеге асырып жатқан шараларын, экономика мен әлеуметтік салалардағы қолға алған ауқымды өзгерістерін, көпұлтты мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатта сындарлы ынтымақтастық орнатуға бағытталған күш-жігерін жоғары бағалаған.
Сонымен қатар өздерінің құттықтауларын Сауд Арабиясының Королі Салман бен Әбделазиз Әл Сауд, Сауд Арабиясы Королінің Тақ мұрагері – Министрлер кеңесінің төрағасы Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Сауд, Рим Папасы Франциск, Жапония Императоры Нарухито, Марокко Королі VI Мұхаммед, Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саид, Испания Королі VI Фелипе, Нидерланды Королі Виллем-Александр, Швеция Королі Карл Густав, Үндістан Президенті Драупади Мурму, Оңтүстік Корея Президенті Юн Сок Ёль, Сингапур Президенті Тарман Шанмугаратнам, Армения Президенті Ваагн Хачатурян, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Италия Президенті Серджо Маттарелла, Болгария Президенті Румен Радев, Грекия Президенті Катерина Сакелларопулу, Хорватия Президенті Зоран Миланович, Португалия Президенті Марселу Ребелу де Соуза, Румыния Президенті Клаус Йоханнис, Швейцария Президенті Ален Берсе, Латвия Президенті Эдгарс Ринкевичс, Польша Президенті Анджей Дуда, Финляндия Президенті Саули Ниинистё, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, Аустралия Генерал-губернаторы Дэвид Хёрли, Татарстан Раисы Рустам Минниханов, Мьянма штаты Әкімшілік кеңесінің төрағасы Мин Аун Хлайн, ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедев, ЕҚЫҰ Бас хатшысы Хельга Мария Шмид, ИСЕСКО Бас директоры Салим бен Мұхаммед әл-Малик және басқалар жолдады.
Құттықтау жеделхаттары әлі де келіп түсіп жатыр.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!