Макияж, маникюр: мектептер оқушыларға қандай тыйым сала алады?

Әлеуметтік желіде мектептердің оқушылардың сырт келбетіне қойған талаптары қызу талқыланып жатыр. Көптеген оқу орнында қыздардың шаш үлгісіне қатысты ұсыныстар мен шектеулер, ал ұлдарға шаш ұзындығы мен пішініне қатысты талаптар пайда болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Соның ішінде бұйра, боялған және ерекше шаш үлгілеріне, самайдағы өрнекке, шашқа арналған гельді қолдануға, макияж бен ашық маникюрге салынған тыйым талқыланып жатыр.

Желідегі мәліметке сүйенсек, мектептердегі талап әртүрлі. Кейбір оқу орындарында қыздарға шашты төбеге түйіп немесе артқа жинап бууға тыйым салынған. Рұқсат етілгендер қатарында тек өрілген шаш бар.

Threads желісінен скриншот

Оқу-ағарту министрлігі оқушылардың сырт келбетіне қойылатын талаптарды әр мектеп жеке белгілейтінін мәлімдеді. Олар мектептің ішкі ережелері арқылы анықталады және қамқоршылық кеңеспен, ата-аналар комитетімен, мектептің өзін-өзі басқару органымен келісіледі. Түпкілікті талаптар жалпы ата-аналар жиналысында бекітіледі.

"Жалпы білім беретін мектеп басшылығы білім алушыдан және ата-аналардан білім беру ұйымының жарғысын, ішкі тәртіп ережелерін және оның қызметін реттейтін актілерді сақтауды талап етуге құқылы", - деп жазылған хабарламада.

Оқушы мектеп формасына қойылатын талаптарды бұзса, мектеп алдымен бұл жағдайды тіркеп, онымен профилактикалық әңгіме жүргізеді. Содан кейін бұл туралы ата-анасына хабарлап, ережелерді еске салады.

Тәртіп бұзу қайталанса, материалдар ата-ананың әкімшілік жауапкершілігін қарастыру үшін білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментіне жолдануы мүмкін.

Ата-аналар білім беру саласындағы міндетін орындамағаны үшін ескерту жасау немесе 5 АЕК (2026 жылы бұл - 21 625 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған. Мұндай құқықбұзушылық әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл көлемі 20 АЕК (2026 жылы бұл - 86 500 теңге) болады.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз