- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Македония елінде өткен...
Македония елінде өткен халықаралық байқауда қазақстандық жас әнші жеңіске жетті
Македония елінде өткен «Звездички» халықаралық байқауында бас жүлдені қазақстандық жас әнші Санат Асуат жеңіп алды.
Македонияның Прилеп қаласында өткен «Звездички» халықаралық байқауына Қазақстан елі тұңғыш рет қатысты. Биылғы байқауда Қазақстан, Беларусь, Грузия, Мальта, Ресей, Сербия, Хорватия, Македония, Венгрия елдерінен келген 14 жас әнші бақ сынады. Ал өнерпаздардың арасындағы ең жасы кіші қатысушы – 12 жасар Санат Асуат. Жасы кіші болса да, алға суырылып шығып, ол бас жүлдені қанжығасына байлап қайтты.
Байқау шарты бойынша әрбір қатысушы тек жаңа ән шырқау керек. Санаттың орындауындағы «Арманыңа сен» әнін белгілі атыраулық композитор Болат Кохаманов, ал сөзін жезқазғандық ақын Дильбар Маликова жазды.
«Мен қызымнан қандай ән айтқысы келетінін сұрағанымда ол: «Анашым, мен арманым туралы айтқым келеді. Менің арманым – бүкіл әлемдегі балалар жыламасын, барлық баланың ата-анасы болсын, олар тек бақытты болсын және бүкіл әлемде бейбітшілік орнасын деп тілеймін» деп өз ниетін айтқан еді. Сол бала арманына лайықтап, осы ән дүниеге келді. «Арманыңа сен» байқаудағы өте жақсы шыққан әндердің бірі болды. Әділ қазылардың да, көрермендердің де көңілінен шығып, жоғары бағаланды. Алғашқы күннен бастап, Санат топ жарып, үздіктердің арасында болды»,– дейді Санаттың анасы Жаннат Сангалиева.
Санат Асуат: «Байқауға кетіп бара жатқанда, мен достарым мен ұстаздарыма «Үлкен жеңіспен ораламын» деп уәде берген едім. Сөзімде тұрып, байқауда бас жүлдеге ие болғаныма өте қуаныштымын! Мен болашақта Ресей және Мальта елінде болатын халықаралық байқауларға жолдама алдым».
Байқаудың тағы бір ерекшелігі әр елден келген қатысушы өз ұлттық тағамын дайындайды. Санат анасымен бірге ет асып, бауырсақ пісіріп, құрт, жент, май, ірімшік т.с.с. ұлттық тағамдарға толы дастархан жайды.
Санат Асуат 4 жасынан бастап вокалмен айналысып келеді. Бұған дейін ол тек республикалық деңгейдегі байқауларға қатысып, дүбірлі додаларда жеңіске жеткен. Бүгінде музыка мектебінде жетіген аспабында ойнауды үйреніп жүр. Бас жүлдені қанжығасына байлап оралған Санатты әуежайда туған-туыстары, достары, ұстаздары үлкен қошеметпен күтіп алды.
Ж. Жұмағұлов