Мәжілісте еліміздің ерекше қорғалатын табиғи аумақтарында құрылыс салуға жер телімдерін беру мәселесі қызу талқыланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бүгін депутаттар «Орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері» бойынша заң жобасын бірінші оқылымда қарады. Талқылау барысында Экология және табиғи ресурстар министрлігіне бірқатар сұрақтар қойылды.
Атап айтқанда, депутат Ермұрат Бапи Іле-Алатау ұлттық паркі секілді ерекше қорғалатын аумақтарда жер беру заңдылығы туралы сұрады. Экология және табиғи ресурстар бірінші вице-министрі Нұркен Шәріпиев егер заңсыз берілген учаскелер болса, оларды сот арқылы мемлекет меншігіне қайтару процесі жүретінін айтты.
Алайда депутат Марат Башимов мұндай жауапқа қанағаттанбады. Ол министрлік өкілі халықты адастырып отыр деп мәлімдеді.
«Депутат Бапи өте орынды сұрақ қойып отыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бұл жерлерде көптеген заңбұзушылықтарды анықтады. Ол жерлерге заңсыз құрылыс салынған. Ал сіз мұнда "сатып аламыз" деген ертегіні айтып отырсыз. Қандай сатып алу? Олар заңсыз салынған. Бұл – ерекше қорғалатын табиғи аумақтар. Сіз мұны ашық түрде, барлық телеарналар алдында айтып, халықты шатастырып отырсыз. Бұл заңсыз салынған нысандар. Олар активтерді қайтару аясында мемлекет меншігіне алынады», – деді Марат Башимов.
Нұркен Шәріпиев мемлекет заңсыз басып алынған жерлерді сот арқылы қайтарып жатқанын растады. Бірақ оның айтуынша, кейбір учаскелер ұлттық парктер құрылмай тұрып заңды түрде жеке меншікке өткен. «Олар заң бойынша бөгде пайдаланушылар болып есептеледі. Ондайлар өте көп, әсіресе Іле-Алатауда. Ал заңсыз берілгендерін біз сот арқылы қайтарып алып жатырмыз», – деді ол.
Осы сәтте Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов депутат Башимовтың микрофонын қайта қосуды сұрады, себебі ол тағы да сөз сұраған еді.
«Кешіріңіздер, бірақ мен активтерді қайтару жөніндегі комиссия мүшесімін. Тәуелсіздік алған күннен бастап 30 жыл бойы заңмен тыйым салынған барлық учаскелер мемлекетке қайтарылады. Ал сіз мұнда оларды заңды түрде берілгендей етіп айтып отырсыз. Олар ерекше қорғалатын аумақтарда орналасқан, сондықтан бастапқыда-ақ заңсыз деп есептеледі. Мен осыны айтып отырмын, ал сіз бәрін басқаша көрсеткіңіз келеді. Олар бұл жерлерді заңсыз иемденген. Бұл – Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтары. Мұндай жерлер бүкіл әлемде қорғалады. Оларды бірде-бір олигарх заңды түрде иемдене алмайды», – деді Башимов.
Осыдан кейін депутат өз эмоциясы үшін кешірім сұрап, талқылау әрі қарай жалғасты.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
А. Бақдаулет