Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 98-қадамы шеңберінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері жөнінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды. Заң жобасын ҚР ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев таныстырды, деп xабарлайды BNews.kz тілшісі.
Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасы екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең (2013-2014 жылдар) –басқарудың төменгі деңгейлеріндегі қолданыстағы жүйенің әлеуетін кеңейту. Ал екінші кезең (2015-2020 жылдар) жергілікті өзін-өзі басқаруды одан әрі дамыту мәселелерін қамтиды.
Ұлттық экономика министрі бірінші кезең бойынша тиісті жұмыстар атқарлылғандығын айта келе, бүгінде жергілікті өзін-өзі басқарудың бюджеті мен меншігін қалыптастыру бойынша тиісті шаралар қабылданып жатқандығын атап өтті.
«Аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетінің құрамында 19 бюджеттік бағдарлама бар. Мысалы, осы бағдарламалар бойынша 2016 жылғы шығындар 94,8 млрд теңге көлемінде айқындалған. Әрі жергілікті өзін-өзі басқару органының қолма-қол ақшаны бақылау шотында жатқан өзіндік жеке кірістер бар», - деді министр.
Сонымен қатар Қуандық Бишімбаев жергілікті органдарға қанша қаржы түскендігін баса айтты.
«Биыл 8 ай ішінде жергілікті өзін-өзі басқарудың қолма-қол ақшаны бақылау шоттарына 7,3 млрд теңге көлемінде қаражат түсті, оның ішінде салықтың 6 түрі бойынша 7 млрд теңге кіріс келген (жылдық болжам шамамен 26,0 млрд теңге болатын). Жергілікті өзін-өзі басқару органдарына берілген мерзімге сәйкес салықтың негізгі бөлігі екінші жартыжылдықта түседі деп жоспарланып отыр. Айтылған уақыт ішінде жергілікті мәселелерді шешу үшін 4,3 млрд теңге жұмсалды», - деді Қуандық Бишімбаев.
Оның айтуынша, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері жөніндегі заң жобасында жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті мен коммуналдық меншігін енгізу, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының бюджеттік процесс пен коммуналдық меншікті басқарудағы өкілеттіктерін кеңейту көзделген.
«Осыған орай заң жобасы арқылы Бюджет, Салық және Азаматтық кодекстерге, «Мемлекеттік мүлік туралы», «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», «Жарнама туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін болады», - деді министр.
Ұлттық экономика министрі алдағы жылдары мемлекеттік бюджеттің 4 деңгейі болуы мүмкін екендігін атап өтті.
«Бүгінде еліміздің бюджет жүйесінде 3 деңгей бар. Аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер деңгейінде дербес бюджет жоқ. Бұл дегеніміз, шамамен 2,5 мың әкімшілік бірлік. Жергілікті өзін-өзі басқару бюджеті аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ деңгейінде 2018 жылдан бастап халық саны 2000 адамнан асатын әкімшілік аумақтық бірліктерде, ал 2020 жылдан бастап барлық жерлерде мемлекеттік бюджеттің 4-ші деңгейі ретінде енгізілетін болады», - деді Қуандық Бишімбаев депутаттарға заң жобасын таныстыра отырып.