Мәжілісте “Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы“ Кодекске түзетулер таныстырылды

Мәжілісте “Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы“ Кодекске түзетулер таныстырылды
Фото: Gov.kz

22 қазан, ҚР Мәжілісінде "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Кодекске түзетулер таныстырылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Заң жобасын Мәжілісте таныстырған депутат Константин Авершиннің айтуынша, заң жобасы жер қойнауын пайдалануда ашық, әрі бәсекеге қабілетті тәртіпті нығайту мақсатында әзірленген. Құжат "жасырын шешімдер" арқылы жер қойнауына қол жеткізуді шектеп, жер қойнауын пайдалану бойынша Бірыңғай порталдың деректер қоры және цифрландыру құралы ретінде заңды түрде бекітілуін көздейді.

"Жер қойнауына қол жеткізу механизмі тек екі ашық бәсекелік тәсілмен реттеледі - "бірінші өтінім" принципі онлайн өтінімдердің түсу уақытын тіркеумен және онлайн-аукцион арқылы", - деді Константин Авершин.

Ол аукцион механизмі жер қойнауын пайдалану құқығының тоқтатылуы немесе олардың ескі қорлар бойынша жер қойнауын пайдалану келісімшарттары және ашық қараусыз берілген болашағы бар жобалар, сондай-ақ индустриалды-инновациялық жобалар мен ұлттық компанияларға қатысты барлық жағдайларда кеңейтілетінін атап өтті.

"Енді осындай жобалар бойынша жер қойнауы құқықтарын қайта қарау және қайтарып алу рәсімінен кейін, Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, бұл жерлер ешқандай ерекше жеңілдіктерсіз тек аукцион арқылы қайтадан беріледі.  Бұл бұрын болған жер қойнауына қол жеткізудегі заңбұзушылықтар, фаворитизм мен рейдерлікті болдырмауға мүмкіндік береді", - деп түсіндірді депутат.

Аукцион өткізу механизмі де нығайтылатын болады. Жеңімпаздар қол қою бонусын лицензия берілгенге дейін төлеуі тиіс, ал бонус төлеуден бас тартқан жеңімпаздарға және олардың бенефициарларына келесі бес жыл ішінде жер қойнауына құқық беру немесе оларды үшінші тараптардан сатып алуға рұқсат берілмейді. "Бірінші өтінім" принципінің механизмі тікелей Бірыңғай портал арқылы жүзеге асырылып, қажетті блоктарды таңдаудағы екі сатылы және жасырын процестерді жояды. Сонымен қатар тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру деген сылтаумен қатты пайдалы қазбаларды жасырын өндіруге де тыйым салынып, барлау лицензиясын бірден қайтарып алуға әкеледі.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда жер қойнауын пайдаланушылар мемлекеттік қызметтерді бірыңғай платформа арқылы алатыны хабарланған болатын. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

А. Бақдаулет