Мәжіліс депутаттарының өңірлерде халықпен кездесулері жалғасып жатыр. Бүгін Мәжілістегі Amanat партиясы фракциясының мүшелері Павел Казанцев пен Марат Башимов Астана қаласындағы "Байқоңыр" ауданының қоғамдық жерлері мен аулаларының жай-күйімен танысты. Қаладағы саябақтар, алаңдар, басқа да нысандар партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасына кіреді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутаттар алдымен Астананың 25 жылдығы қарсаңында ашылған "Журналистер аллеясына" барды. Жоба авторларының пайымдауынша, алаң негізінен БАҚ қызметкерлері бас қосатын, ортақ кәсіби жетістіктерді атап өтетін және мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізетін орынға айналуға тиіс.
"Бұл жерде бұрын ескі жылу беру магистралі бар еді. Қазір қалалықтар үшін тамаша демалыс орнына айналды. Сонымен қатар жақын маңда бірнеше тұрғын үй кешені салынды. Онда жастар көп тұрады. Құрылыс жұмысына қазақстандық өнімдердің пайдаланылғанын да атап өткен жөн", - деді Павел Казанцев.
Депутаттар "Байқоңыр" ауданының ескі орталығында орналасқан Егемен Қазақстан мен Кенесары көшелерінің қиылысындағы жаңартылған алаңмен де танысты. Абаттандыру барысында мұнда шағын сәулет формалары, жарық бағаналары, орындықтар қойылып, демалыс аймақтары құрылды. Көгалдандыру бойынша қосымша жұмыс атқарылып, арнайы суару жүйесі орнатылды.
Сонымен бірге депутаттар Кенесары көшесі 40 мекенжайындағы "7 Континент" тұрғын үй кешенінің ауласына барды. Мұнда тұрғындар үшін екі спорт алаңы, әткеншектері бар демалыс аймағы, балалар ойын алаңдары, сондай-ақ арнайы жүгіру жолы орнатылған.
"Демалуға және адамдармен еркін қарым-қатынас жасауға арналған орындар, жаяу жүргіншілер жолдары, алаңдар, көшелер, саябақтар, жасыл желектер қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырады. Мұндай қоғамдық жерлер мен аулалардың дамуы қазір өте маңызды және оны халық та қолдайды. Даму стратегиясы аясында шаһар алдында үш негізгі мақсат тұр – жайлы қалаға айналу, оның тұрақты дамуын қамтамасыз ету және салауатты өмір салты үшін жағдай жасау. Осы бағытта атқарылар жұмыс әлі көп. Бұл мәселені партия бақылауға алды", - деді депутат Марат Башимов.
Бүгінде "Байқоңыр" ауданында тағы 23 қоғамдық орын ашу жоспарланып отыр.
Айта кетейік, Мәжіліс депутаттарының халықпен кездесуі 1 қыркүйекке дейін жалғасады. Онда халық қалаулылары өңірлерге барып, проблемалық нысандармен танысып, өндірістерді аралайды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!