- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Мәжілісмендер Алматыда құмар...
Мәжілісмендер Алматыда құмар ойындарға тәуелділік мәселесін талқылады
Мәжілістегі Amanat партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев, Мәжіліс депутаттары Бақытжан Базарбек пен Ермұрат Бапи Алматыға жұмыс сапарымен барды. Олар Amanat партиясы сайлауалды бағдарламасы Жол картасының жүзеге асырылу барысымен және Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық даму жағдайымен танысты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – үкіметтік емес ұйым өкілдерімен және жастармен кездесу, ойын бизнесі мәселесін талқылау болды. Басқосуға депутаттармен бірге партияның Алматы қалалық филиалының төрағасы Станислав Канкуров, сарапшылар мен жастар өкілдері қатысты. Мәжілісмендер ойынға тәуелділердің көбеюіне, бұл мәселенің жас буынға, жалпы қоғамға әсеріне алаңдаушылық білдірді.
"Кейінгі 2,5 жылда әрбір бесінші жас құмар ойын ойнаған. Бұл – шын мәнінде, үлкен көрсеткіш. Онлайн-казино жарнамасы үшін 3 жылға дейін қылмыстық жауапкершілік енгізу әзірленіп жатыр. Қазақстанда онлайн казиноларға тыйым салынған. Бірақ өздеріңіз білетіндей, біз жыл сайын төрт мыңға жуық сайтты жауып отырмыз", - деді Елнұр Бейсенбаев.
Кездесуде жастар арасындағы лудоманияның алдын алуға қатысты негізгі мәселелер, соның ішінде білім беру бағдарламалары мен құмар ойындардың тәуекелдері туралы ақпараттық науқан, лудомания проблемасына тап болғандар үшін сапалы әрі қолжетімді медициналық және психологиялық қолдауды қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар айтылды. Сондай-ақ заңнамаға құмар ойындарды реттеуге және бақылауды қатаңдатуға бағытталған өзгерістер енгізу мүмкіндігі сөз болды.
Мәжілісмендер бұдан соң Amanat партиясының Алматы қалалық филиалының кезекті XXXIV конференциясына қатысты. Онда партияның 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын орындау бойынша Жол картасының іске асырылу барысы туралы баяндама жасалды. Сондай-ақ Алматы қалалық филиалы мен «Жастар рухы» жастар қанатының 2021 жылдан 2023 жылдың І жартыжылдығына дейінгі кезеңде атқарған жұмыстары туралы есебі тыңдалды.
Сапар соңында Елнұр Бейсенбаев "Қалқаман" метро станциясының құрылысымен танысты. Бүгінгі күні метрополитеннің үшінші кешенін іске қосу бойынша құрылыс жұмысы белсенді жүріп жатыр. "Қалқаман" метро станциясын салу жобасы Алматы бойынша Amanat партиясының сайлауалды бағдарламасының 2.3-бөліміне енгізілген.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
М. Лұқпан